Бизнес және экономика

Өндіріс ошақтарының тыныс-тіршілігі

Сусымалы өнімдерді сақтап, тасуға арналған қап полипропиленнен жасалады. Алдымен түйіршіктерді тиісті қоспалармен араластырып, бояғыш қосылады. Кейін ол арнайы құрылғыға 300 градуста қыздыруға жіберіледі. Нәтижесінде жұқа таспалар пайда болады екен. Нарықта сұранысқа ие Вig bag және Sling bag қаптарының қысқаша жасалу жолы осындай. Мұнымен қаладағы «SMBGROUP FAMILY» серіктестігі 1 жылдан астам уақыт бойы айналысып келеді. Мамандар осындай қаптардың күніне 3 мың данасын дайындап шығарады екен.

Димаш Коржов – «SMBGROUP FAMILY» ЖШС бас директоры:

-Қазіргі күні біздің қаптарымызды еліміздің ірі кәсіпорындары сатып алады. Өнімнің бір бөлігін Ресейге экспорттаймыз. Сонымен қатар, мұнда вагондық ішпектер де жасалады. Жалпы, зауытта 200-ге жуық адам еңбек етеді. Әлі де мамандар керек. Әсіресе, тігін цехына. Құрылғылардың барлығы автоматтандырылған.

Пандемия белең алған уақытта ашылған зауыттың аяқ алысы осал емес. Одан өткен жылдың соңында жұмысын бастаған «Радуга» көтерме-тарату орталығы да қалыс қалмайды. Кәсіпорын қызметкерлері күнделікті тұтынатын өнімдерді шығарып, оларды сақтаумен айналысады. Және шет елдерден сатып алынған тауарларды облыстағы дүкендерге жөнелтеді. Кәсіпкерлер мен тауар өндірушілер бұл жерде заттарын тиімді бағамен сақтай алады. Мұнда 40-қа жуық адам еңбектенеді.

Владимир Михайленко, «Радуга» ЖШС директорының орынбасары:

-Ел бойынша 9 филиалымыз жұмыс істеп тұр. Әзірге, Батыс Қазақстанда ғана жоқ. Цехта сақтаулы тұрған өнімдердің басым бөлігі облыс орталығында шығарылады.

Ал «Солтүстік фанер комбинатының» өнімдері ел бойынша аса сұранысқа ие деп айтсақ, артық болмас. Зауытта алғашында күніне 20-30 текше метр материал жасалған екен. Бүгінде бұл көрсеткіш 50-ге жуықтаған. 150 маман еңбек етеді екен. Қазір кәсіпорында қызу жұмыс жүріп жатыр. Бір бөлігінде ағаш қабығынан аршылады, екіншісінде желім жағылып, топтастырылады.

Айваз Бакиров – «Солтүстік фанер комбинаты» ЖШС директорының орынбасары:

-Осы күнге дейін еліміздің құрылыс компаниялары қажетті материалды Ресей мен Қытайдан сатып алып жүрді. Қазіргі уақытта біздің комбинат отандық сұранысты 30 пайызға жауып отыр. Алдағы уақытта тағы бір кептіру аппаратын орнатуды жоспарлап отырмыз. Соның есебінен күніне фанердің 60-70 текше метрі әзірленеді. Жалпы, тәулігіне ламинатталған фанердің шамамен мың данасы жасалады.

«ЗИКСТО» зауытының мамандары 80 футтық платформаны жасауды қолға алған. Платформа теңіз контейнерлерін тасымалдауда қолданылады.

Ренат Шамсутдинов – «ЗИКСТО» АҚ бас директоры:

-Платформалардың бұрынғы үлгілерінде бір тежегіш қана болатын. Қазіргілері қос тежегішпен қамтылған. Жаңа платформаның 380 данасын дайындап қойдық. Шетелдік компаниямен 2 жылға келісім-шартқа отырдық. Ай сайын 100-150 платформадан жасауымыз қажет.

Бүгінде жоспарланған шаруаның 20 пайызы орындалыпты. Жалпы, «ЗИКСТО» зауытында мамандар бір күнде 5-6 платформа жасап шығарады.

Алтынай Казиканова