Құтқарушылар 18 қабатты үйде оқу-жаттығу жиынын өткізді

ТЖД

22:24 30 Маусым 2021

Өрт Жамбыл Жабаев көшесінде тұрған үйден шықты. 18 қабатты нысанның 5-ші қабатында сымдардың қысқа тұйықталуы болып, қызыл жалын бас көтерді. Бұны байқаған тұрғын пәтерден дереу шықпақшы болған екен, бірақ түтінге тұншығып, іште қалады. Әл-қуаты құтқарушыларға хабарласуға ғана жеткен.

Қырағы құтқарушылар өрт орын алған мекенжайға 4 минутта жетті. Олар ең алдымен қызыл жалын ортасында қалған ер адам мен өзге де тұрғындары құтқаруға жүгіре жөнелді. Артынша, тілсіз жауды ауыздықтауға кірісті.

Өртті ауыздықтау үшін мамандарға небәрі 6 минут жеткілікті болды. Тұрғындар аман-есен сыртқа шығарылды.

Болат Жұмажанов – қалалық №1 өрт сөндіру бөлімінің бастығы:

– Бүгін біз 18 қабатты үйде өрт сөндіру бойынша тактикалық сабақ өткіздік. Өртті ауыздықтауға арнайы 4 көлік келді. 3-51 Өртті ауыздықтауға 20 адам қатысты.

Айта кету қажет, 18 қабатты үйлер Петропавлда енді ғана бой көтеріп жатыр. Құтқарушылардың айтуынша, бұндай биік ғимараттардағы отты сөндіру өте қиын. Оның өзіндік себебі бар. Арнайы көліктердегі сатының ұзындығы тек 30 метрге дейін ғана жетеді. Әрі қарай қосымша сатыны пайдалану керек. Жауапты іс кезінде мамандар қателікке жол бермей, жылдам қимылдауы қажет. Сондықтан да бүгінгі іс-шара ұйымдастырылып отыр.

Орал Әбдірахманов – СҚО ТЖД бастығының уақытша міндетін атқарушы:

-Бүгінгі жаттығудың басты мақсаты – эвакуация жұмыстарын жүргізу. Сондай-ақ, инженерлі-инспекторлық жеке құрамды осы көп қабатты үйдің өрт сөндіру жүйесімен таныстыру. Үйде барлық өртке қарсы жүйелер жабдықталған. Түтін бармайтын сатылар, үйдін ішінде орнатылған крандар және әрбір пәтерге қойылған өрт дабылдары бар.

Бүгінгі оқу-жаттығу жиынына құтқарушылардан бөлек жас офицерлер де қатысып, істің мән-жайымен танысты.

Алдияр Айтпаев

Бұдан әрі оқыңыз

Ел бойынша шілде айында 800-ге жуық табиғи өрт орын алды
Петропавлда екі қабатты нысаннан өрт шықты
Өңірде өрт тыйылмай тұр
Шаһарда өрт сөндірушілер арасында жарыс өтті
Құтқарушылар балаларға суда жүзуді үйретті
Айыртау ауданында орманды алқаптан өрт шықты
Құтқарушылар өзен-көлдерде кезекті мәрте рейд өткізді
“Семейный” сауда үйінен өрт шықты
Өткен демалыс күндері өңірде 4 адам суға кеткен
Жұмысшы кентінде өрттен 2 адам қаза тапты
Биыл Петропавлда 13 көлік отқа оранған
Жыл басынан 18 жерлесіміз су құрбаны болған