Спорт

Тоғызқұмалақтан ашық облыс біріншілігі өтіп жатыр

Томирис Катранова тоғызқұмалақ десе ішер асын жерге қоюға әзір. Жеткіншек ұлттық спорт түрін 5-6 жастан тани бастаған екен. Содан бері түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Соңғы рет респубикалық мектеп лигасына қатысып, 2-ші орынға ие болған.

Томирис Катранова – жарысқа қатысушы, Шал ақын ауданы:

– Тоғызқұмалақпен 10 жылға жуық уақыт айналысып келемін. Бұл менің математикалық жақтан ой-өрісімді жақсартады деп ойлаймын. 1-02 Ойынның қыр-сырын бапкерім әрі нағашым Айбек Нұрахметович деген кісі үйреткен.

Тоғызқұмалақтан өткізіліп отырған ашық облыс біріншілігіне Томирис сынды 50-ге тарта ұл мен қыз қатысуда. Олардың басым көпшілігі – аудандық спортшылар. Бүгін “жеті рет өлшеп, бір рет кесетін” жастар 3 жас ерекшелігі бойынша сынға түсуде. Айта кету қажет, өңірде облыстық тоғызқұмалақ федерациясы осыдан 1 ай бұрын ғана құрылған екен.

Жомарт Омаров – СҚО бойынша тоғызқұмалақ федерациясының президенті:

– Бүгінгі таңда жоспарлар өте көп. Бұл – біз үшін тың жатқан дүние. Сол үшін де басқа өңірлердің тәжірибесін қарастырудамыз.  Әрине, спорттың көп түрі бар. Бірақ, түсінуіміз керек, бұл – біздің ұлттық спорт, ұлттық өнер. Бұл спортты аудандарда дамыту қажет.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері медаль және дипломдармен марапатталмақ. Сондай-ақ, жүзден жүйрік атанғандар шілденің 24-і мен тамыздың 1-і аралығында Семей қаласында өтетін ел біріншілігіне жолдама алады.

Алдияр Айтпаев