Былтыр Ғ.Мүсірепов ауданының 120 тұрғыны қайтарымсыз грант алған

МТРА жаңалықтары

23:45 29 Маусым 2021


Кілем жуу, жұмсақ жиһаздар мен көлік салонын химиялық тазалау. Новоишимское ауылында орналасқан «Натали» орталығында қызметтің дәл осы түрлері көрсетіледі. Мұндағы мамандар кез келген істі көп дегенде 20 минуттың ішінде тындырады. Арнайы техника күніне 150 шаршы метр кілем жууға қауқарлы.

Аудан орталығында бұл іспен Ернұр Жолдаспаев айналысады. Жас бизнесмен ісін 2 жыл бұрын бастаған екен. Алғашқы кезеңде шаруаның барлығы қолмен атқарылған. Яғни, кілем жуған кезде бүгінгідей заманауи техника емес, қарапайым щетка мен сабын қолданылыпты.

Ернұр Жолдаспаев – «Жолдаспаев Е.Ж» ЖК директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Отбасымызбен күніне 30 шаршы метр кілем жуып жүрдік. Жуылған кілемдерді үйдің қоршауына іліп қоятынбыз. Оны көрген тұрғындар қызығушылық таныта бастады. Осылайша тапсырыс берушілердің саны артты. Бірақ, кей жандар ісіміздің сапасына қатысты сын да айтты.

Тапсырыс санын арттырып, сапаны жақсарту қажет. Ернұр «Бастау» жобасы аясында курстан өтуді шешеді. Курс арқылы бизнестің қыр-сырын үйренеді. Ақыр соңында өзі әзірлеген жобаны сәтті қорғап, 505 мың теңгенің қайтарымсыз грантын жеңіп алған. Қаражатқа жуатын шаңсорғыш пен компрессор сатып алыпты. Ал кілем сығатын техника алу үшін «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 6 пайыздық жеңілдікпен 5 млн теңгенің несиесін рәсімдеген. Ақшаның бір бөлігіне нысан ішіне жөндеу жұмыстарын жүргізіпті.

Ернұр Жолдаспаев – «Жолдаспаев Е.Ж» ЖК директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:

-Биыл аталған мемлекеттік бағдарлама арқылы тағы 2 млн теңге несие рәсімдедім. Оған ауа құрғатқыш пен тағы бір жуатын шаңсорғыш алдым. Заман игіліктерінің арқасында ісім алға жылжып жатыр. Тапсырыс берушілердің саны 2 мыңнан асады. Келушілер істің сапасына көңілдері толатындығын айтады.

Былтыр Ғ.Мүсірепов ауданының 120-ға жуық тұрғынына “Бастау” жобасы аясында қайтарымсыз грант берілген. Мемлекет қолдауымен өз кәсібін ашқысы келген жандарға жалпы сомасы 65 млн теңге ұсынылыпты.

Нұрлан Темірғалиев – Ғ.Мүсірепов аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:

– Сондай-ақ, былтыр 75 адам жеңілдетілген несие рәсімдеді. Ағайынға 302 млн теңге берілді. Мемлекеттен қолдау көргендердің 67 пайызы кәсібін енді бастап жатыр. Ісін былтыр қолға алғандар 71 жаңа жұмыс орнын құрды.

Жас кәсіпкерлердің басым бөлігі ауыл шаруашылығын дамытуды көздеген. Сауда және сұлулық салондарын ашқандар да бар.
Кәсіпкерлікке үйрететін сабақтар әлі де жалғасын табуда. Жыл басынан бері ауданда тұратын 50 адам онлайн курстарға қатысыпты. 49-ының жобасы қазылар алқасының көңілінен шығып, жиынтық көлемі 28 млн теңге болатын қайтарымсыз грант берілген.

Маржан Касымбек

Бұдан әрі оқыңыз

2020 жылы өнеркәсіп өндірісінің жалпы индексі 105,1%-ды құрады
Ауылдық округ әкімдерінің сайлауы қалай өтеді?
2021 жылғы 03 шілдедегі “МТРА жаңалықтары” қорытынды ақпараттық бағдарламасы
СҚО-да жыл басынан бері 50-ден астам жалған жарнама анықталған
Субсидиялау мәселесі сөз етілді
93 жастағы қария алаяқтарға 300 мың теңге берген
Сайлауға 3 күн қалды
СҚО-да бір күнде екі жазатайым оқиға болды
Бескөлде балық қырылып жатыр
ЕАЭО елдерімен сауда-саттық көлемі
Пестрое көлін жалға алушы жауапкершілікке тартылды
Сайлау барысын 348 тәуелсіз бақылаушы қадағалайды