БАҚ

БАҚ өкілдері марапатталды

Тілшілер, редакторлар, операторлар мен сюжетті монтаждаушылар. Залға жиналған жандардың әрқайсысы халыққа уақытылы әрі шынайы ақпарат жеткізу үшін қызмет етеді. Күндіз-түні тыным таппайтын бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Тілшілердің қоғамда алатын орны бөлек екенін жақсы түсінеміз. Әсіресе, пандемия кезінде өз маңыздылығын танытты. Билікке халықтың пікірін жеткізетін – сіздерсіздер. Атқарған жұмыстарыңыз үшін алғысымды білдіремін.

Журналистика – қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандық. Залға жиналғандардың барлығы – өз саласының жілігін шағып, майын ішкен жандар. Әрқайсысының өзіндік жазу стилі мен өмірге деген көзқарасы бар. Тілшілерді бір-бірінен ерекшелендіріп тұратын негізгі қасиет те – осы. Өңір жетекшісі қаламы қарымды 3 журналисті Алғыс хатпен марапаттады. Ал «Qyzyljar» телеарнасының телебағдарламалар дайындау қызметінің бас редакторы Ақерке Қабыкееваға Құрмет грамотасы табыс етілді.

Ал «Хабар 24» телеарнасының меншікті тілшісі Айдарбек Балғабеков бұқаралық ақпарат құралдары саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Айдарбек Балғабеков – «Хабар 24» телеарнасының меншікті тілшісі:

-Жұмыстың жауапкершілігін түсіндік. Осы салаға келгеніме өкінбеймін. Өмірлік жолымда азамат ретінде қалыптасуыма үлкен септігін тигізді.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Құрмет грамотасы Муниципалдық телеарнаның шеф-редакторы Анна Потеряеваға да табыс етілді. Қызмет жолын 14 жыл бұрын тілшіліктен бастаған.

Анна Потеряева – МТРА телеарнасының шеф-редакторы:

– Сюжетті жазып, монтаждап, эфирге шығарғанға дейін оның жолында бірнеше маман еңбектенеді. Бұл – менің ғана емес, бүкіл ұжымның еңбегі. Маған қолдау көрсетіп, сенім артқан жандарға алғысым шексіз.

Салтанатты жиын барысында республикалық «Qazaqstan Dauiri» газетінің меншікті тілшісі Нұрсайын Шәріп пен «Издательство «Северный Казахстан» серіктестігінің директоры Иван Моорға «Еңбек ардагері» медальдары табыс етілді.

Маржан Касымбек