МТРА жаңалықтары

Әуежай қызметкерлері жарты жыл бойы жалақы алмаған

46 жылдық тарихы бар әуежайдың қазіргі тынысы мынадай: мүлгіген тыныштық деуге болады. Рейс атаулы – аптасына 3-ақ рет. Оның өзі тек бір қалаға ғана – елордаға. Аэропорт шығынға белшесінен батып отыр, өткен жылдың соңында сот шешімімен банкрот деп танылған. Жұмысшылар желтоқсаннан бері жалақы көрмедік. Басшылық құр уәдемен ғана құтылуда дейді.

 Марат Шұрманбаев – “Петропавл халықаралық әуежайы” АҚ қызметкері:

-Бүгінге дейін еңбекақымыз төленбей келеді. Мамыр айында жалақы төленеді деп уәде етілді. Сонымен әлі жоқ. Мысалы, біреудің балалары оқиды, біреулерінде несие бар дегендей. Жұмыс ұнамаса кетіңдер дейді. Алайда, мен зейнет жасына келіп қалдым. Мені жұмысқа кім алады?

Жалақыдан бөлек, жұмысшыларға зейнетақы мен медициналық сақтандыру жарналары да аударылмайды. Осының салдарынан қызметкерлер ауруханаға бара алмай отыр. Себебі, олар үшін барлық процедура – ақылы. Жалпы, бүгінде әуежайда 100-ге жуық адам еңбек етеді. Қазіргі таңда оларға мекеме әкімшілігі 30 млн теңге берешек. Әрқайсысы өз мұңын айтуда: “Бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады” дейді. Еңбек инспекциясына да бірнеше рет жүгініпті.

 Азат Көшербаев – СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:

-Петропавл халықаралық әуежайының қызметкерлері бізге 2020 жылдың қыркүйек айында жүгінді. Тұрғындардың өтінішінен кейін мекемеге тексеріс жүргізіліп, заңбұзушылық анықталды. Әуежай басшылығына 200 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Кейін жұмысшыларға 4 айдың жалақысы бірден төленді.

Бұл жолы да әуежай қызметкерлері еңбек инспекциясына арыз жазыпты. Бірақ, өткен жылы “Петропавл халықаралық әуежайы” банкрот деп танылғандықтан, заң бойынша басқарма тексеріс жүргізе алмайды екен. Осылайша, шығынға белшеден батқан мекеме сатылымға қойылды. Аэропорт облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының меншігіне өтуі тиіс еді. Бірақ, ол үшін Азаматтық авиация комитетінен рұқсат берілуі тиіс.

Анар Сейдомарова – “Петропавл халықаралық әуежайы” АҚ аға инспекторы:

-Бүгінгі жиынға облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан ешкім келген жоқ. Кімге сенерімізді білмейміз? Жұмысшылар әбден ашынған. Адамдар қалай күн көреміз деп уайымдап отыр. Ал бізге шыдай тұрыңдар дейді. Шыдамның да шегі бар.

Бүгінде жергілікті әуежайға банкроттықты басқарушы Камал Гусейнов жауапты. Маманның сөзінше, қазір банкроттық процесі жүріп жатыр. Барлығы уақыттың еншісінде. Себебі, мұндай шаруа тез арада шешілмейді екен. Ал қазіргі таңда аэропорттың құны белгілі. Нысан 44 млн теңгеге бағаланып отыр.

Камал Гусейнов – “Петропавл халықаралық әуежайы” АҚ банкроттық басқарушысы:

-Мүлік үшін ақша түссе, жұмысшалырға жалақылары 2 күннің ішінде төленеді. Әзірге, мерзімді дөп басып айту мүмкін емес. Қаражат есепшотқа аударылса, алдымен қызметкерлерге өткен жылғы берешек беріледі. Бұл мәселенің тезірек шешілгенін қалаймыз.

Әзірге, бұл мәселе бойынша нақты шешім жоқ. Қызметкерлерге күтуден басқа амал жоқ.

Дана Ешкенова