Қылмыс

Петропавлда туыстарын өлтірген жігітке қатысты сот отырысы басталды

Айрандай ұйып отырған бүтін отбасының күл-талқанын шығарды. Петропавлда өзінің туған-туыстарын пышақтап өлтірген 30 жастағы ер адамға қатысты сот отырысы басталды. Еске сала кетейік, бұл жаға ұстатарлық жағдай облыс орталығында осыдан 4 ай бұрын болды.
Бекболат Ғабдуллин Нұр-Сұлтан қаласынан Петропавлға келеді. Мұнда немере інісімен кездесіп, оның үйіне қонаққа барған. Бұл уақытта күдікті ақшадан таршылық көріп жүріпті. Бәзбіреулерге миллиондап берешек болған екен. Қажетті қаржыны өзін мейман еткен жақындарынан алуды ойлайды. Өкініштісі, қарызға емес, қан төгу арқылы қалтаға басуды көздейді. Масаң күйдегі ол түннің бір уағында Мерей Алпысбаевты далаға темекі шегуге шақырады. Оңтайлы сәтті пайдаланып, оған бірнеше жерден пышақ тығады. Жаралы жігіт одан қашып, әжесінің бөлмесіне барады. Мұнда телефон арқылы көрші үйде тұратын ағасын көмекке шақырады. Артынша әлі таусылып, осы жерде есінен талып қалады. Ал қаскөй алған бетінен қайтпайды. Ұйықтап жатқан 89 жастағы қарияның кеуде тұсы мен ішіне бірнеше мәрте қолындағы суық қаруды сұғады. Кейін, үйдегі жәбірленушінің анасы – 48 жастағы әйелді пышақтайды. Бекболат Ғабдуллин мұнымен тоқтамай, Мерейдің жары мен қарындасынан ақша сұрайды. Осы кезде жәбірленушінің ағасы келіп қалыпты, қаскөйді полицейлерге тапсырады. Өкінішке қарай, ақ жаулықты зейнеткер мен нәзікжанды алған жарақаттың салдарынан ауруханада көз жұмады. Бүгін прокурор айыптау актісін оқыды. Сотталушы марқұмдарды өлтіргісі келмегенін айтып ақталып отыр. Өзінің кінәсін мойындағысы жоқ.