Аптадағы маңызды жаңалықтар

Былтыр Ғ.Мүсірепов ауданына 59 отбасы көшіп келген

Үсейіновтер жанұсы 4 жылдан бері Солтүстік Қазақстан облысында тұрады. Ғ.Мүсірепов ауданындағы Ковыльное ауылына Шымкент қаласынан көшіп келіпті. Келе салысымен отбасыға лайықты жағдай жасалған. Үй беріліп, жұмыспен қамтылған.

Нұржан Үсейінов – Ковыльное ауылының тұрғыны, Ғ.Мүсірепов ауданы:


-Бұл жерде кәсіп жасау оңай.  Ешқандай қиындық көрген жоқпыз. Келе сала елмен араласып, іске кірісіп кеттік. Біз«местный» болып кеттік.

Нұржан Үсейінов ауылдағы серіктестікте дәнекерлеуші болып жұмыс істейді. Ал жұбайы – медбике, қазір – декретте. “Баспана үлкен әрі жайлы”,- дейді отбасы мүшелері. Айлық ақысы да қымбат емес. Ай сайын 7 мың теңгенің көлемінде төлеп отырады. Су да, жылу да орталықтан беріледі. Үйде керектінің бәрі бар. Бір сөзбен айтқанда, өмір шаһарлықтармен теңескен.

Айнұр Абзалова – Ковыльное ауылының тұрғыны, Ғ.Мүсірепов ауданы:

-5 перзентіміз бар. 3 ұл, 2 қыз. Үлкеніміз 12-де. Кішісі 3-ке толды. Орысша оқиды. Басында қиын болды. Қазір бәрі үйреніп қалды.

Ал бұл жанұя 2 жыл бұрын Тараздан көшіп келген. Эльдар Гизатуллин де екі қолға бір күректі ауылдағы серіктестіктен тапқан. Ал әйелі мектепте математика пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарыпты. Қазір бала күтімімен айналысып жатыр.

Эльдар Гизатуллин – Ковыльное ауылының тұрғыны, Ғ.Мүсірепов ауданы:

-Таразда адам саны көп, жұмыс табу қиын. Өз үйіміз болмаған соң қалада 2 бөлмелі пәтер жалдап тұрдық. Айлық ақысы қымбат болды. Балалар өскен сайын күнкөріс те қиындай бастады. Арнайы мемлекеттік бағдарлама барын естіп, соның аясында ойланбастан осында көшіп келдік. Мұндай шешім қабылдағанымызға өкінбейміз. Жағдайым жақсы. Өз үйім, тұрақты ісім бар.

Отбасы бағбаншылықты да қолға алған екен. Үйдің алдында көкөніс пен жеміс-жидектің түр-түрін өсіріп жатыр. Қоян бағумен де айналысады. Ковыльное селосында Үсейіновтер мен Гизатуллиндерден бөлек, оңтүстіктен қоныс аударған тағы 2 жанұя тұрады. Алайда, олармен бірге келген 4 шаңырақ белгілі себептерге байланысты қайта көшіп кетіпті.

Серік Малаев – «Ақселеу» ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Өйткені, біздің ауылда тек орыс мектебі ғана. Қазақ сыныптары жоқ. 7-8 сыныптарда оқитындар сабақты орыс тілінде жалғастырып кете алмады. Балалар қиналып кеткендіктен, ата-аналары басқа ауылдарға көшіп кетті. 4-5 сыныптың балаларына көп көңіл бөлініп жатыр. Мұғалімдермен сөйлесеміз.

130-ға жуық үй түтін түтетіп отырған ауылдағы жалғыз мектепте небәрі 80-ге жуық бала бар. Олардың барлығы орыс сыныптарында білім алады. Егер қазақ баларының саны көбейсе, мемлекеттік тілде сабақ беретін сыныптар да ашылмақ.
Оңтүстіктен келген отбасы мүшелерінің әрқайсысына ауылдағы «Ақселеу» серіктестігі қолдау көрсетіп жатыр. Жұмыспен қамтып, балалардың мектепке орналасуына дейін қадағалайды. Қоныс аударушыларға арналған жаңа баспаналарды да осы агроқұрылым мамандары салып береді. Директоры Серік Малаевтің сөзінше, көшіп кеткен отбасылардың орнына жақында тағы 4 отбасы келеді екен.

Серік Малаев – «Ақселеу» ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Осы айдың аяғында дейін 4 отбасы келеді. Жүктерін дайындап қойды. Үйлердің бәрі дайын. Үкіметке саттық. Енді олар ай сайын 7 мың теңге төлеп отырады. Бізге 7 млн берді. Баспаналарды 11 млн-ға салдық. Қалғаны өз шаруашылығымыздан шығып отыр.

Өткен жылы Ғ.Мүсірепов ауданына жалпы 157 адамнан тұратын 59 отбасы көшіп келген. 67 адам жұмыспен толық қамтылыпты. 13 тұрғын мемлекет қолдауымен несиеге ақша алып, өз кәсібін дөңгелетіп отыр екен.

Нұрлан Темірғалиев – Ғ.Мүсірепов аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:

– Агроқұрылымдарға механизатор, дәнекерлеуші, трактор мен комбайн жүргізушілері, металл пісірушілер мен электрик маман аса қажет болатын. Былтыр оңтүстіктен көшіп келген ағайынның арқасында жергілікті серіктестіктерде кадр мәселесі шешімін тапты. Қоныс аударушылардың барлығы дерлік ауыл шаруашылығын дамытуға үлесін қосып жатыр.

Ғ.Мүсірепов ауданында қоныс аударушыларға арналып 48 үй салынып жатыр. Отбасылар құрылыс жұмыстары аяқталысымен көшіріледі. Қазір жұмыспен қамту орталығының мамандары мен жергілікті серіктестік өкілдері жанұялармен келіссөз жүргізіп жатыр екен.

Маржан Касымбек