Экология

Өңірде жыл басынан бері 16 орман өрті тіркелді

Өңірдегі мемлекеттік орман қорының аумағы 550 мың гектарды құрайды. Бұл байлықты қызыл жалыннан аман сақтап қалу – орманшылардың басты міндеті. Мамандар, әсіресе, көктем, жаз бен күз айларында сауысқандай сақ болулары қажет. Жалпы, жыл басынан бері орман алқаптарында 16 өрт оқиғасы тіркелген. 34 гектардан астам жерге зақым келген. Материалдық шығынның көлемі 3 млн теңгеден асады.

Орал Әбдірахманов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

-Өрттердің негізгі себептері – халықтың отты абайсыз пайдалануы, құрғақ өсімдіктерді күйдіру, қоқыс пен тұрмыстық қалдықтарды жағу.
Алдын алу іс-шараларын өткізу мақсатында 47 мобильді топ құрылды. Олар 448-ден астам рейдтік іс-шара өткізді.

Рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде ережені елемегендерге қатысты 100-ге жуық әкімшілік хаттама толтырылған. От тұтатқан 47 адамға 65 мың теңгенің айыппұлы салынған.
Өртпен күресте тиімді алдын алу шараларын жүргізген абзал. Бейінді басқарма мамандары тұрғындармен жиі кездесу өткізіп, қауіпсіздік ережелері жазылған жаднама таратқан. Сондай-ақ, орманды айнала 600 шақырымнан асатын жолақ жыртылған.

Анатолий Усольцев – СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

-Биыл ені 2 және 4 метрлік 1400 шақырым минералды жолақ жыртуды жоспарлап отырмыз. Орман төңірегінде бас көтерген тілсіз жау жолында жолақ кездессе, ары қарай өте алмайды. Орман шаруашылықтарындағы мамандардың өздері жыл басынан бері 120-ға жуық өрт ошағын сөндірген.

Облыс аумағында 16 орман шаруашылығы бар. Оның әрқайсысы өрт сөндіру станциясымен жарақталған. Аталған нысандарда 30-ға жуық өрт сөндіру машинасы мен 70-тен астам ауыр техника бар.

Дана Ешкенова