МТРА жаңалықтары

Облыс әкімі “Серпін-2050” бағдарламасының қатысушыларымен кездесті

Шыңғыс Оразмаханов – Қызылорда облысының тумасы. Жас жігіт аққайыңдар өлкесіне 2018 жылы «Серпін» бағдарламасы бойынша білім қуып келіпті. Солтүстік Қазақстан облысын таңдауға өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы потенциалы себеп болған екен. Бүгінде студенттің арманы орындалып, болашақ агрономға қажет мол тәжірибе жинақтауда.

Шыңғыс Оразмаханов – М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:

– «Ауыл шаруашылығы – ең маңызды салалардың бірі. Ол ешқашан жойылмайды. Биыл біз «Полтавское» серіктестігінде тәжірибеден өттік. Егін егу жұмыстарына қатысып, жаңа технологиялар және техникамен таныстық».

Жергілікті университетте Шыңғыс сияқты қазір тағы 800-ден аса жас оқып жатыр. Олардың барлығы ай сайынғы шәкіртақы, жатақханамен қамтылған. Білім сапасын арттыру үшін де біраз шаруа қолға алынды. Бүгінде жоғарғы оқу орнының жаңа корпусы бой көтеруде. Мұнда болашақ кәсіби мамандарға қажет 73 заманауи зертхана орналасады. Бұл – университетке қатысты жоспардың тек бір парасы.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай жергілікті университеттің оқу корпустары мен жатақханалары жаңартылады. Бұл мақсатқа Үкіметтен қаражат бөлінбек. Жұмыс кешенді жоспарға сай келесі жылы жүргізіледі.

Ауыл шаруашылығы, өндіріс, құрылыс пен білім. Жастардың басым бөлігі дәл осы салаларға қажет мамандықтарды таңдайды. Себебі, агроном, инженер, техник пен құрылысшылар өңірде тапшы. Сұраныс алдағы уақытта артпаса, кемімейтіні сөзсіз. Өлкемізде бірқатар алдыңғы қатарлы инвестжобалар қолға алынуда. Кәсіпорындардың барлығына өз ісінің шеберлері қажет болады. Мәселен, биыл іске қосылатын «Клаас» пен Петропавл электротехникалық зауыттарына мамандарды қабылдау басталыпты. Соңғысы 30 адамды жұмысқа алған, оның 17-сі – “Серпін” бағдарламасының түлектері. Кәсіпорын басшысының сөзінше, қазір тағы 70 қызметкер қажет. Өндіріс ошағында еңбектенетіндер лайықты жалақ алады, ал келесі жылдан бастап баспанамен де қамтылады. Зауыт өз мамандарына арнап 104 пәтерлі үйдің құрылысын бастапты.

Ринат Елжасов, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

-3 жылдың ішінде бағдарламаға 129 студент қатысты.Оның ішінде 29-ы 7 ауданда жұмыс істейді. Ал қалғандары Петропавлда еңбектенеді. Облысқа қоныс аударатындарға арналып баспана тұрғызылуда.

Бағдарлама аясында жастар өз отбасыларын да көшіре алады. Жанұяның әр мүшесіне қоныс аударуға 204 мың теңге субсидия төленеді. Ал жеке ісімді ашамын деген серпіндіктер 600 мың теңгеге жуық қайтарымсыз грантқа қол жеткізе алады. Қысқасы – келіп, білім алып, жұмыс істеймін деген жастарға барлық жағдай жасалған.

Эльмира Садвокасова