МТРА жаңалықтарыТКШ

Қызылжар ауданындағы Якорь селосында су мәселесі қашан шешіледі?

Қызылжар ауданы әкімінің брифингі де, өкінішке қарай, қалыптасып қалған дәстүрге сай өтті. Яғни, атқамінердің баяндамасы тек орыстілді аудиторияға арналды. Жанат Сәдуақасов атқарылған шаруаны жіпке тізіп, жетістіктермен бөлісті. Былтыр 108 шақырым жол, 6,5 км жылу желілері, 50 шақырым болатын су құбырлары жөнделіп, 11 мың аула жарықпен қамтылған. Алайда, ауданда шешімін таппай жүрген проблемалар да жоқ емес. Мәселен, Якорь селосының тұрғындары бірнеше жыл қатарынан жергілікті әкімдіктің табалдырығын тоздырып, әр есігін қағып жүр. Себебі, ауылда су жоқ. Әкімдерінің сөзінше, тұрғындар өздері кінәлі.

Жанат Сәдуақасов – Қызылжар ауданының әкімі:

-Якорь ауылында ескі және жаңа 2 су трассасы бар. Су тұрақты түрде беріледі. Ауыл тұрғындары трассадан су алу үшін су насостарын орнатқан. Осылайша, ауыз суды техникалық мақсатта қолданып жатыр. Сондықтан, жазғы уақытта су тапшылығы байқалады.

Бірақ, әкімдік қол қусырып отырған жоқ. 17 шақырым болатын су желісін реконструкциялау көзделген. Бүгінде құны 475 млн теңге болатын жобалық-сметалық құжаттама дайын. Ал Бәйтерек ауылының тұрғындары болса, жол машақатын көріп жүр. Жаңбыр жауса болды, лай-батпақ кешіп жүруге мәжбүрміз дейді. Мәселе Қызылжар ауылдық округіндегі барлық 6 селода өткір тұрған көрінеді.

Жанат Сәдуақасов – Қызылжар ауданының әкімі:

– Биыл ауылішілік жолдарды жөндеп, абаттандыруға 30 млн теңге бағыттадық. Бәйтерек ауылындағы проблеманы үстіміздегі жылы шешіп үлгермейміз. Қазір жобалық-сметалық құжаттама дайындалу үстінде. Жол келесі жылы қалыпқа келтіріледі деген ойдамыз.

Есесіне интернетке қатысты проблема біржақты етіледі. Жергілікті әкімдік өткен жылдан бері “Билайн” компаниясымен келіссөздер жүргізіпті. Жақын арада ұялы байланыс операторы Бәйтеректегі мектепке мұнара орнатпақ. Осылайша, заман игілігіне қолжетімділік артады.

Эльмира Садвокасова