Спорт

Кикбоксшылар халықаралық турнирде жүлде еншіледі

Петропавлдық Нұрсұлтан Жақыпов кикбоксингпен 13 жыл бойы айналысып келеді. Тәртіп сақшысы қызмет пен спортты қатар алып жүруге тырысады. 2014 жылы Венгриядағы чемпионатқа қатысып, әлем кубогын ұтып алыпты. Ал жуырда Ташкент қаласында кикбоксингтен өткен халықаралық турнирден алтын медальмен оралды.

Нұрсұлтан Жақыпов – халықаралық турнирдің алтын медаль иегері:

-Турнирдегі алғашқы қарсыласым әзірбайжандық спортшы болды. Жарыстың екінші кездесуінде өзбекстандық былғары қолғап шеберімен шықтым. Екеуін де ұпай есебімен жеңдім. Ал финалда Украина елінің азаматы, әлем чемпионымен сынға түсіп, жеңіске қол жеткіздім. Соңғы кездесуде біраз тер төгуге тура келді.

Әлемдік сайыста Нұрсұлтан Жақыпов 86 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен. Онымен қоса, жерлесіміз Аслан Асылбеков та бақталастарын басып озып, бірінші орынға қол жеткізді. Ал 21 жастағы Данияр Жарасов 54 келі салмақ дәрежесінде күміс медаль еншілеген.

Данияр Жарасов – халықаралық турнирдің күміс медаль иегері:

-Кикбоксингпен 10 жылдай айналысып жүрмін. Бірінші қарсыласым – Өзбекстаннан, келесісі – Қазақстанның әлем чемпионы. Соңғысы Тараздық азамат болды. Одан 2 де 1 есебімен ұтылдым. Барлығы өте мықты болды. Семей мен Шымкент қалаларында 2 сбор өтті.

Байрақты додаға 15 елдің спортшылары қатысқан. Өңір намысын 4 кикбоксшы қорғапты. Оның барлығы үздік нәтиже көрсетіп отыр.

Әділ Нұржауыпов – кикбоксингтен облыстың бас жаттықтырушысы:

-Бұл турнирдің біз үшін алар орны бөлек. Себебі, карантиннен кейін халықаралық деңгейдегі жарысқа алғаш рет қатысып отырмыз. Нәтижесі – көңіл қуантарлық. Жеңіске жігіттердің күнделікті мықты дайындығының арқасында қол жеткіздік деп ойлаймын. Мұнымен тоқтап қалмаймыз. Қойған жоспарларымыз ауқымды.

Солтүстікқазақстандық кикбоксшылар енді күзде Италияда өтетін әлем чемпионатына дайындыққа кіріседі.

Алтынай Казиканова