Қоғам

М.Жұмабаевтың дүниеге келгеніне – 128 жыл

Бұл – 17 жастағы Ақтілек Қайымханның Мағжанға арнаған өлеңі. Шығарманың әр жолы жерлес ақынның қиындыққа толы тағдырын баяндайды. Мемлекет қайраткері халқының қамын ойлап, туған елі үшін күрескен болатын. Ашаршылық жылдары қынадай қырылып жатқан солтүстікқазақстандықтарды құтқару үшін облыс-облысты аралап, мал мен азық жинады. Қазақтарды білім алуға шақырып, азаттықты аңсады.

Ақтілек Қайымхан – М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің студенті:

– “М.Жұмабаевты Абайдан кейінгі ұлы ақын” деп айтады ғой. Мен осы сөзбен толықтай келісемін. М.Жұмабаевтың өлеңдерін алатын болсақ, Отан туралы, махаббат туралы болсын астарында терең ой жатыр.  “Мен жастарға сенемін” өлеңі қатты ұнайды. Сол өлеңнен өзімді көргендей боламын. Ертеңгі ұрпақтың өмірі бізге байланысты. Осы өлеңді оқып өзіме шабыт аламын”.

Ақын патша мен Кеңес билігінен қорықпады, қаймықпады. Тіпті, 1917 жылы жала жабылып, бір ай абақтыда отырып шыққаннан кейін де өз қызметін жалғастырды. Алаш партиясына мүшелік етіп, қазақтың тәуелсіздігі жолында тер төкті. Дәл осы белсенділігі үшін де сталиндік саясатқа жақпай, ату жазасына кесілді. Кеңес билігі қазақты Мағжанынан айырса да оның халқына аманат еткен мұрасынан айыра алмады. Бүгінде ақынның әр айтқан сөзі мен өлеңі – жастардың жадында. Кейінгі буын өкілдері “Мен жастарға сенемін” деп жырлаған дара тұлғаны үлгі тұтады, рухына тағзым етеді.

Эльмира Садвокасова