COVID-19: Қазақстан

Жақын арада Қазақстанда логдаун жарияланбайды

Коронавирус атты буырқанған бұрқасын сәл басылып, қайта соққанға ұқсайды. Қазір бұл індет әлем елдерін әбігерге салып тұр. Араларында аузын айға білеген алпауыттар да бар. Бүгінде үнділік штамның таралу қарқыны да, қауіптілігі де тым күшті. Сан соқпай тұрғанда сақтану қажет. Осы орайда алдын алу шаралары логдаунға әкеп соқтырмай ма деген сұрақ туындайды? Бұл сауалға кеше Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жауап берді.

Ералы Тоғжанов – ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

-Логдаун жариялау мәселесі күн тәртібінде жоқ. Алдағы уақытта қабылданатын шаралар эпидахуалға байланысты болады.

Сөз барысында Ералы Тоғжанов ерте ме, кеш пе елді үрейлендірген вирус Қазақстанға жететінін айтты. Одан қорғанудың бірден-бір жолы бар. Ол – қоғамның қызу талқысына түскен вакцина. Бәрімізге жақсы мәлім, бұған дейін ағайын препараттарды өз еріктеріне қарай алып келді. Енді олай болмайды. Бұдан былай белгілі бір санатқа енген адамдар міндетті түрде екпе салғызулары тиіс.

Ералы Тоғжанов – ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

– Қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін жандардың бәрі міндетті түрде вакцина алуы керек. Егер бас тарту жайты орын алса, бас тартқан жандар жұмасына 1 рет ПТР-тест тапсыруы қажет.

Қазір Қазақстанда вакцина тапшылығы сезілмейді. Медициналық ұйымдардың қорлары бекітілген кесте бойынша толығуда. Естеріңізге сала кетейік, иммундау шарасынан толық өткен жан “Ашық” қосымшасында жасыл мәртебесіне ие болады. Яғни, олардың емін-еркін жүріп-тұруларына мүмкіндіктері бар. Ал қызыл түс жанса, қандай да бір нысан ішіне кірулеріне шектеу қойылады. Соңғы 3 ай ішінде мұндай 5 мыңға жуық адам анықталыпты. Енді осындай факті тіркелсе, тұлғаға 87 510 мың теңге көлемінде айыппұл салынбақ. Бизнес субъектілері де назардан тыс қалмайды. Кәсіпкерлер “Ашық” жобасының талаптарын орындауы тиіс. Ел бойынша жұмысын аталған жоба аясында бейімдемеген 800-ден аса іскер жан анықталған. Оларға белгілі бір жаза қарастырылған.

Байболат Култанов