БАҚ

Тілшілер бір сәтке мамандықтарын ауыстырды

Өрт сөндірушілер үшін әр мезет алтыннан да қымбат. Шақыру түскеннен кейін лезде жиналып, оқиға орнына аттану керек. Бүгін журналистер де құтқарушылардың формасын киіп көрді. Ереже бойынша оған тек 19 секунд қана беріледі екен. Әріптестеріміз алғаш рет киіп жатқандықтан, сәл бөгеліңкіреп қалды. “Алайда, олар үшін кешірімді”, – дейді мамандар.

Жалыннан қорғайтын форма киілді. Енді өрт сөндірушілердің дайындаған кішігірім сынақтарынан өту керек. Оның алғашқысы – баспалдықтан көтеріліп, кірпіш қабырғадан секіріп түсу. Журналистер үшін бұл аздап қиындық туғызғаны рас. Сүрініп, тіпті құлауға жақындады. Мұның бәріне салмағы 20 келі болатын киім мен тыныс алу аппараты әсер еткен сөзсіз.

Алдияр Айтпаев, МТРА тілшісі:

-Үстімдегі киім жүруге мүмкіндік бермей, ыңғайсыздық туғызып жатты. Дем жетпейді. Сырт көзге оңай көрінеді. Артымдағы газ баллоны да артқа тартып жатты. Өзіме сайыс ұнады. Ерекше әсер алдым.

Лапылдаған от туралы жазып жүрген тілшілер бүгінгі кедергілерді барынша еңсеріп келеді. Тіпті, бір-бірін күтіп, демеп те жатыр. Айтуларынша, ең қиыны – тас қараңғы лабиринттен өту.

Кирилл Потемкин – «Qyzyljar» телеарнасының тілшісі:

-Лабирингке кіргенде қабырғалары қысып жатқандай болды. Ол аздай ішінен көк түтіннің иісі шығады. Осы сәт жарты сағатқа созылғандай көрінді. Өрт сөндірушіден қалып қойсаң, ішінде адасып та кетуге болады екен. Тапсырманы орындау қолымнан келді деп ойлаймын.

Лабиринттен бөлек, әріптестеріміз бірнеше метрге созылған белтемірден өтті. Мұның барлығы – өрт сөндірушілердің әрқайсысы жасайтын арнайы жаттығулар.

Шыңғыс Махметов – қалалық №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары:

-Журналистер өздерін нағыз өрт алаңындағыдай сезіну үшін түрлі кедергілер дайындадық. Бұл олар үшін таңсық дүние болса да барлығын еңсере алды деп айтуға болады. Сондай-ақ, бүгін өрт сөндіру бөлімінің жұмысымен таныстыру үшін балаларды да шақырып отырмыз.

Жалпы, қалалық №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде 61 қызметкер еңбек етеді, 6 техника бар.

Алтынай Казиканова