Білім

Республикалық “Мағжан оқулары” өтті

Дәстүрлі «Мағжан оқулары» биыл онлайн форматта өтуде. Еліміздің түкпір-түкпірінен байланысқа 36 жас шықты. Қатысушылардың арасында Мамлют ауданына қарасты Бостандық орта мектебінің оқушысы Ақжол Садыржан да бар.

Жас ақын қазылар алқасына «Жыр жұлдызы» атты шығармасын паш етті. Туындыны Мағжан атамыздың рухына арнап 14 жасында жазған екен.

АҚЖОЛ САДЫРЖАН – «МАҒЖАН ОҚУЛАРЫ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫНА ҚАТЫСУШЫ:

-Мағжан ағамызға арнадым. Ол кісіні бұрынғы солақай саясат кезінде қаншама кезендерде сүріндірді ғой. Соның барлығын қазір біз ашық түрде айта аламыз. Соны мен де жырыма қостым. Мағжан атамыздың рухын ұлықтау үшін жаздым бұл өлеңді. Бір күні қазақ тілі кабинетінде отырдым. Мағжанның кітабын көріп, оқыдым. Содан шабыт алдым.

Ал Қызылжар Абай орта мектебінің оқушысы Аружан Молдыбаева болса Мағжан Жұмабаевтың «От» өлеңін талдап, ғылыми жоба қорғады. Зерттеу жұмысын жазуға ол 2 аптаға жуық уақытын жұмсаған. Түрлі тарихи деректерді ақтарып, архивте сақталған құжаттарды саралаған.

АРУЖАН МОЛДЫБАЕВА – «МАҒЖАН ОҚУЛАРЫ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫНА ҚАТЫСУШЫ:

– Осы ғылыми жобада мен Мағжан Жұмабаевтың «От» өлеңін қозғадым. Қазіргі жастарға, әлемге не беретінін айттым. 1,16 Қазіргі жастар материалдық тұрғыдан көп қарайды. Ал Мағжан болса Ресейге отар болған кезде еліміз өзінің келбетін жоғалтпағаны туралы айтады. Яғни рухани жағынан азық жинауға болады.

“Мағжан оқулары” 2010 жылдан бастап республикалық деңгейде ұйымдастырылуда. Қатысушылар 3 аталым бойынша сынға түсе алады.

ӘСЕЛ ЕСІМСЕЙІТОВА – СҚО БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ӘДІСКЕРІ:

– Байқауымыз 3 номинацияда өтуде. Мағжан шығармаларын жатқа мәнерлеп оқу, зерттеу жұмыстарын жүргізу. Биылғы байқау – ғылыми-шығармашылық. Үшінші номинацияда балалар өздері өлең шығарады.

Республикалық байқауда үздіктер қатарынан көрінген оқушылар диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Эльмира Садвокасова