Экология

Өңірдің экологиялық проблемалары қозғалды

Соңғы кездері ауада қала тұрғындардың мазасын кетірген қолаңса иіс тарап кеткен болатын. Әлеуметтік желілерді шулатқан мәселенің түп тамыры біраз уақыт ізделді. Мамандар оның себебін «Қызылжар су» серіктестігінің қарамағындағы сарқынды су жинақтағышында күкірсутегінің артуымен байланыстырды. Алдағы уақытта сарқынды су жинақтағышына механикалық тазарту жұмыстары жүргізілмек. Дәл нақты уақыты белгісіз. Нәтижесінде күкіртсутектің көлемі азаяды.

Азамат Бектасов – СҚО бойынша экология департаментінің басшысы:

-«Қызылжар су» серіктестігі күкіртсутегінің бөлінуін азайту үшін қазір белгілі бір жұмыс көлемін атқаруда. Биыл тиісті қаржы бөлінген. 2015 жылдан бері жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінде жоспарлы жұмыстың 3-ші кезеңі іске асырылуда. Енді биологиялық тазарту әдісі қолға алынады.

Демек, алдағы уақытта тұрғындар жағымсыз иістен біржолата құтылатын болады. Бастысы – күту керек. Брифингіде Азамат Бектасов Бәйтерек ауылындағы қоқыс үйіндісін де тілге тиек етті. Айта кетейік, соңғы уақытта аталған елді мекенде тұрмыстық қалдықтарды өрттеу фактілері жиілеп кеткен. Бұның экологияға зияны көп.

Азамат Бектасов – СҚО бойынша экология департаментінің басшысы:

– Келіп түскен шағымдар бойынша Бескөл ауылдық округінің әкімдігінде жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде аталған полигонның орналасуына тиісті рұқсаттың жоқтығы анықталды және тиісті мемлекеттік сараптау жұмыстары жүргізілмеген. Заңбұзушылықтарға қатысты айыппұл салынды. Қоршаған ортаға келтірілген шығынның көлемін анықтау мақсатында сотқа арыз жолданды.

Экология департаментінің басшысы экологиялық мәселелерді шешу мақсатында 5 жылға арналған кешенді жол картасының әзірленгенін айтты. Түйткілдердің басым бөлігі осы жоба аясында шешілмек.

Алтынай Казиканова