COVID-19: Қазақстан

62 мың солтүстікқазақстандық екпенің толық курсын өтті

Өткен тәулікте мың жарымға жуық қазақстандық тәж вирусын жұқтырып алған. Оның басым бөлігі – нұрсұлтандықтар. Covid-19 500-ден астам елордалықтың бойынан табылды. Оңтүстік астанада да жағдай мәз емес. Мұнда 1 күннің ішінде коронавирус инфекциясына 200-ге жақын адам шалдыққан. Теріскей өңірінде эпидахуал әзірге тұрақты деп бағаланып отыр, бірақ босаңсуға болмайды. Қалалық көпбейінді аурухананың инфекциялық стационарында қазір 50-ге жуық науқас ем қабылдап жатыр. Оның 10-ы – жансақтау бөлімінде.

 Михаил Четверов – қалалық көпбейінді аурухананың инфекциялық стационар дәрігері:

-Біздің стационарда 120 төсек-орын бар. Әзірге, 50 науқас ем қабылдап жатыр. Ауруханаға адамдар күнде келіп түседі. Араларында жастар да бар. Сол себепті, тұрғындарға айтарым, жаспын деп денсаулықтарыңызға бейжай қарамаңыздар. Бұл індет ешбір жанды аямайды.

Осы орайда әлем жаңалықтарымен де бөлісе кетейік. Әлемдегі жағдай мәз емес. Ұлыбритания мен Сингапурде 29 жасқа дейінгі мыңдаған адам коронавирусқа шалдыққан. Жуырда Үндістанда коронавирустың жаңа штамы анықталды. Инфекцияның «дельта» деп аталатын түрі адамнан адамға тез жұғады.

  Михаил Четверов – қалалық көпбейінді аурухананың инфекциялық стационар дәрігері:

-Үндістанда анықталған штамм өте тез тарайды. Пандемияның 3-ші толқынының алдын алу үшін қарапайым санитарлық талаптарды қатаң сақтану қажет. Сондай-ақ, індетке қарсы иммунитет қалыптастыру үшін вакцина қойдырту керек”.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда иммундау шарасы ақпан айынан бері жүріп жатыр. Бүгінге дейін екпенің 1-ші компонентін 2 млн 920 мың адам алған. Ал 1 млн 793 мың адам вакциналаудың толық курсын өтіпті. Соның 62 мыңы – солтүстікқазақстандықтар.

Дана Ешкенова