Мәдениет

Жастар спектакль қойды

Бір күнде ақ жаулықты ана бауыр еті баласынан, ару сүйген жарынан, сәби әкесінен айырылды. ҰОС талайлардың жүрегіне жара салып, бастарына қайғы әкелді. Елінің қамын ойлаған ерлер ештеңеге қарамай майданға аттанды. Жердің азаттығы үшін бұрымдылар да жанын аяған жоқ. Қойылымда сол нәзік жандылардың майдандағы өмірі көрсетілді.

Рита, Женя, Лиза, Соня мен Галя. 5-еуінің де жасы 20-ға да толмаған. Бұрымдылар 171-ші теміржол бөлімшесіне қабылданады. Командирі – старшина Васков. Тәртіп темірдей. Кері шегінуге де, әлсіздік танытуға да қатаң тыйым салынған. Себебі, жау жолындағысын жалмап барады. Артта қалған халықты қалай да қорғап қалу керек.

Ксения Горюшина – жас актриса:

-Қойылымға дайындалмас бұрын кейіпкердің жан дүниесін зерттедік, түсінуге тырыстық. Шын мәнінде қыздар – ерекше жаратылыс иелері. Нәзіктігімен баурап, ержүректігімен таңғалдыра алады. Спектакль барысында осы қасиеттерді қатар көрсетуге тырыстық.

Командир қол астындағы жауынгерлеріне сақ болудың түрлі жолдарын үйретеді, жаттықтырады. Бірақ, кезекті шайқас кезінде немістердің қоршауына түсіп қалып барлығы бірдей көз жұмады.

Туынды «А зори здесь тихие…» деп аталатын повесть желісімен сахналанды. Авторы – ресейлік жазушы Борис Васильев. Батыр қыздар мен командирдің рөлін білікті актерлер мен актрисалар емес, қалалық мектептердің оқушылары сомдауда.

Али Аитов – жас актер:

– Спектальдің идеясы мамыр айында туындаған болатын. Содан бастап сценарий жазылды. Театр режиссерлері бізге зор қолдау білдірді. Қойылым 1 аптаның ішінде дүниеге келді. Көрермендердің көңілінен шығады деген үміттемін.

40 минутқа созылған қойылым көрермендердің көңілінен шықты. Залға жиналғандар өнерлі оқушылардың талантына қошемет білдірді.

– Тамаша. Бастаған кезде жыладым. Мазмұнын білемін ғой. Қалай шығарады екен дедім.
– Ребята молодцы! Прослезились. За душу берет.

Маржан Касымбек