Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңір тұрғындарын вакциналау барысы

Қазір өңірде эпидахуал тұрақты. Дегенмен, жағаны жайлауға жіберуге болмайды. Көзге көрінбейтін індет жоқ емес, бар. Бір ғана соңғы тәуліктің өзінде аққайыңдар өлкесінде 13 жағдай тіркеліпті. 12 адамның бойында аурудың анық белгілері байқалады. Науқастардың басым бөлігі – петропавлдықтар. Бұл сақтану қажеттігін білдіреді. Бүгіннен бастап қауіпсіздік шараларына баса мән берген жөн. Себебі, коронавирустың үнділік штамы алқымнан алуы мүмкін.

Арман Күшбасов – СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– “Дельта” немесе үнді штамы. Аталған вирус түрінің жұқпалық көрсеткіші өзгелерден 60 пайызға жоғары екені анықталып отыр.
Оған қоса, басқалардан әлдеқайда қауіпті. Кез келген адамға ауыр тиіп, өлім-жітімге әкеп соқтыруы мүмкін. Алдағы уақытта індетті ауыздықтау үшін қосымша шаралар қабылдануы ықтимал.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, “Дельта” штамы әлемнің 74 елінде тіркеліпті. Тізімде Қазақстан да бар. Кеше Нұр-Сұлтан қаласында вирустың ұқсас түрі мәлім болса, бүгін Алматыда көптің көкейіндегі инфекцияның дәл өзі анықталды. Қауіпті штамм 37 жастағы әйелден табылған.

Арман Күшбасов – СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Өңір тұрғындарынан барлық санитарлық талаптарды сақтауды сұраймыз. Нысан ішіне кіргенде, далада жүргенде маска тағуды ұмытпаңыздар. Әлеуметтік арақашықтықты да естен шығармаған жөн.

Қысқасы – ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Құмар Күсемісов тұрғындарды вакцина қойдыртуға шақырды. Екпе – індеттен қорғанудың бірден-бір жолы. Тіпті, үнділік штамға да тосқауыл бола алады. Қоғамдық иммунитет қалыптастыру үшін өңір тұрғындарының 311 мыңы иммундау шарасынан өтуі тиіс. Бүгінгі күнге дейін 62 мыңнан аса адам вакцинаның қос компонентін де қойдыртыпты.

Құмар Күсемісов – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Ал 90 816 адам вакцинаның бірінші компонентін алды. Істі әрмен қарай жалғастыру қажет. Себебі, екпе індетті жеңуге септеседі. Стационарлардағы жағдайды баяндай кетсем, бүгінгі күні емдеу орындарында 630 төсек-орын бар. Нақты 153 адам емделіп жатыр. Толымдылық көрсеткіші 24 пайызды құрайды. Науқастардың 17-сі жансақтау бөлімінде жатыр.

Қазір қолданыста екпенің 4 түрі бар. Кез келген түрін таңдауға болады. Сөз соңында мынандай ақпарға құлақ түріңіздер: адам вакцинаның бірінші компонентін белгілі бір өңірде алса, екіншісін басқа облыста салдыртуға мүмкіндігі бар.

Байболат Култанов