ҚоғамБилік

Мемлекеттік қызметшілер марапатталды

Елбасының жарлығымен 1998 жылы маусымның 23-і “Мемлекеттік қызметшілер күні” болып бекітілді. Бүгінде бұл салада 4 мыңға жуық жерлесіміз тер төгіп жүр. Оларды кәсіби мерекелерімен облыс әкімі аппаратының басшысы Олжас Ыдырысов құттықтады.

Олжас Ыдырысов – СҚО әкімі аппаратының басшысы

-Құрметті әріптестер, ең алдымен облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтаймын. Мемлекетіміз қанатын кеңінен жайып, өркендей берсін.

Құттықтау сөзден кейін марапаттау рәсіміне кезек келді. Адал еңбегі, мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға қосқан зор үлесі үшін бірқатар маманға облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен алғыс хаты табысталды.

Сондай-ақ, бір топ маман жауапты салада қол жеткізген жетістіктері үшін Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент басшысының алғыс хатын алды. Қошеметке бөленгендердің бірі – Қызылжар ауданы әкімі аппараты құрылымдық бөлімшесінің бас маманы Гүлжан Әлменова. Нәзікжанды мемлекеттік қызметте 15 жылдан бері еңбек етіп жүр.

Гүлжан Әлменова – Қызылжар ауданы әкімі аппараты құрылымдық бөлімшесінің бас маманы:

-Мемлекеттік қызметші болу, әрине оңай емес. Бірақ, заманға сай беделді қызмет жасауға тырысып жатырмыз. Күнделікті өмірде адамдардың өтініші-тілектерін қарастырып, түйткілдерді шешеміз.

Ал “Үздік мемлекеттік қызметші” төсбелгісі облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлімінің жетекші маманы Елена Брайченкоға бұйырды. Жерлесіміз пандемия уақытында күндіз-түні тер төккен екен.

Елена Брайченко – СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлімінің жетекші маманы

-Маған сенім артқан жандарға үлкен алғысымды білдіремін. Осындай атаққа ие болу – үлкен жетістік. Алдағы уақытта да еліме адал еңбек етемін.

Салтанатты жиында мемлекеттік қызметшілер арасында ұйымдастырылған республикалық байқаудың да жүлдегерлері марапатталды. Сайыс нәтижесі бойынша Тимирязев ауданы әкімінің орынбасары және әдеп жөніндегі уәкілі Үмітжан Нұртазина 2-ші орынға ие болды.
Жалпы, салтанатты жиын барысында 20-ға жуық мемлекеттік қызметші құрметке бөленді.

Дана Ешкенова