Құқық қорғау органдары

Кәсіби мерекелерінде 100-ден аса полицей марапатталды

The YouTube ID of Vvkcvh97slU</strong> is invalid.

Алдымен облыстық полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев жиналған тәртіп сақшыларын кәсіби мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

-Еліміз тыныш, халқымыз аман, бірлігіміз бекем, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Сіздерге мықты денсаулық, ырыс-береке, еңбекте табыс тілеймін!

Батылдық пен асқан жауапкершілікті талап ететін мамандық. Облыстық көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов бұл салада 15 жыл бойы еңбек етіп келеді. Осы уақыт аралағында талай оқиғалардың куәсі болып, біраз жанға көмек қолын созған.

Талғат Әбілов – СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы:

– Егер ұжым ұйымшыл әрі тату болса, кез келген жерде еш қиындықсыз жұмыс істеуге болады. Әрине, қызмет бабында кейбір күрделі мәселелер туындайтыны рас. Сол кезде ең бастысы тоқтап қалмай, алға қарай ұмтылу керек. Және полицейлерде қатаң тәртіп пен жұмысына деген сүйіспеншілік болуы қажет.

Бүгін Талғат Әбіловтың көпжылдық адал еңбегі еленді. Ол Ішкі істер министрлігінің құрмет грамотасымен марапатталды.

Қазақстан полициясы күнінде 7 адам 2-ші дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен наградталды. Солардың ішінде Дархан Сыздықов та бар. Экстремизге қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі жұмысына тиянақты қарайды.

Дархан Сыздықов – СҚО ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі:

-Осы салада 14 жыл қызмет етіп келемін. Ең бірінші қызметімді Шал ақын ауданының полиция бөлімінде бастадым. Қалаға ауысып келгелі 2 жыл болды. Қазір экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасында қызмет істеп жатырмын. Жұмыс әрине ұнайды, қиындықтар да болып тұрады.

Ішкі істер органдарының ардагерлері, жедел уәкілдер, полиция инспекторлары. Бүгінгі жиында біршамасы естелік медальдар, грамота және алғыс хаттармен марапатталды. Кейбірінің шені өсті. Айыртау ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары Талғат Сабыровқа полиция подполковнигі погоны табыс етілді.

Талғат Сабыров – Айыртау ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары:

-Біз көбінесе қылмыстарды ашумен айналысамыз. Басты мақсатымыз – қоғамда құқықбұзушылықтарды болдырмау. Өзім жауапты қызметті жедел уәкіл болып бастадым. Бүгін подполковник атанып отырмын. Қуанышымда шек жоқ.

Жалпы, бүгінгі салтанатты шарада 100-ден аса полиция қызметкері марапатқа ие болды. Жиын тәртіп сақшыларының құрметіне арналған мерекелік концертпен аяқталды.

Алтынай Казиканова