Мәдениет

Ұлы Отан соғысының басталғанына 80 жыл толды


-Внимание! Говорит Москва! Сегодня 22 июня в четыре часа утра, без всякого объявления войны, германские войска напали на нашу страну.

1941-ші жыл, 22-ші маусым. Сағат таңғы 4-тер шамасы. Шырт ұйқыда жатқан жұртты Юрий Левитанның дабылды радиохабарламасы оятты: “КСРО-ның батыс шекарасына фашистік Германия әскері басып кірді”. Автоматтар атылып, танкілер жердің бетін жапырып, айнала отқа орана бастады. Ұлы Отан соғысы міне осылайша басталып кетті. Бұған Кеңес әскері мүлдем дайын емес еді. Сауысқандай сақ сарбаздармен бірге өмірі қару ұстап көрмеген, ұрыс өнерін білмейтін азаматтар да қан майданға жөнелтілді.

Иван Куропаткин – тыл еңбеккері:

-Соғыстың екінші күні әкем майданға аттанды. Басымнан осылай сипап: «Анаңа әрдайым көмектес, бауырларың мен жақындарыңа бас-көз бол. Үй саған аманат»,- деп фронтқа кетті. Мен ол кезде 10 жасқа таяп қалған бала едім. Айналада не болып жатқанын шыны керек дұрыс түсінбедім. Тек көзімдегі мөлтілдеген жаспен әкемді шығарып салдым. Бұл сәт әлі есімде.

Осымен, 10 жастағы балғынның алаңсыз балалық шағы аяқталды. Отын-шөп тасып, мал бағу, жалпы бүтін бір әулеттің жұмысы шынашақтай ғана Иван Куропаткиннің мойнына жүктелді. Ал әкесі болса, өмір мен өлімнің арасында жүріп, отбасына жиі хат жазып тұрыпты. Бастапқы кезде Иван Михайлович тұрған сол кездегі ауылға жау жете қоймапты. Алайда, 41-ші жылдың күзіне қарай елді мекенді немістер қоршап алған.


Иван Куропаткин – тыл еңбеккері:

-Бір-екі апта өткеннен кейін ауылымызға немістердің көліктері кіре бастады. Тауық, қой, шошқаларымызды әкетіп жатты. Кейін, 15-20 шақты жас келіп, үй-үйді аралап, сиырларымызды күштеп алып кетті. Барлығы абдырап, жылап қалды. Қару-жарақ асынған жауға қарсы ештеңе істей алмадық.

Содан бері тура 80 жыл өтті. Қорқыныш пен қасіретке толы күндердің әр сәті тыл еңбеккерінің есінде екен. Бүгінде көзіне жас алып, әкесінің соғыста көрсеткен ерліктерін мақтанышпен айтып отыр. Бүгінгі еске алу кешінде өзге де аға буын өкілдері сөз алды. Олардың барлығы қанды қырғынға қатысқан жақындарының ерліктерін баяндады. Сұрапыл соғыстың зардабы мен салдарын сөз етті.

Елена Скакунова – С.Мұқанов атындағы ОӘҒК іс-шара ұйымдастырушысы:

-22-ші маусым – ешқашан ұмытылмайтын, өте маңызды күн. Осыған орай қаладағы тыл және еңбек ардагерлері мен жастардың басын қосып отырмыз. Мақсатымыз – келер ұрпаққа жан аямай соғысқан қаһармандардың ерлігін насихаттау. Бойларында патриоттық сезім оятып, бейбіт өмірдің қадірін сезіндіру.

Облыстық кітапханадағы жиын соңында соғыс жылдарында сарбаздардың рухын көтерген әндер шырқалып, бейнероликтер көрсетілді.

Алтынай Казиканова