Петропавлда 7 мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр

Білім

22:19 22 Маусым 2021

 

С.Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияда шаруа қызу жүріп жатыр. Жұмысшылардың бір бөлігі қабырғалардың цементін ойып, ескірген электр сымдарын алуда. Бұл іс қауіпсіздік үшін міндетті түрде атқарылуы тиіс. Себебі, осыдан 25 жыл бұрын бой көтерген білім ұясының электр жүйесі әбден тозыпты. Маусымның 1-і күні бастау алған жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 48 млн теңгеден астам қаржы бөлінген екен. Іске қызылордалық “Гемакасес” серіктестігі жауапты.

Күлтай Мұқанова – С.Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гимназиясының директоры:


– С.Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гимназиясында осымен 3 рет күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Бұған дейін терезелер мен шатыр ауыстырылды. Биыл электр жүйесі толық ауыстырылып жатыр. 14 тамызға дейін шаруа аяқталуы тиіс.

Петропавлдағы №5 орта мектеп 1968 жылы қолданысқа берілген. Бүгінде мұнда 700-ден астам оқушы білім алады. Жартығасырлық тарихы бар білім ұясы бұған дейін бірнеше мәрте күрделі жөндеу көріпті. Соңғысы 2019-да атқарылған екен. 2 жыл бұрын оқу ошағындағы ескірген 300-ге жуық терезе пластикке ауыстырылған. Ал биыл нысанның ішіндегі жылыту жүйесі алғаш рет жаңартылуда.

Шаруамен жергілікті “Сантехцентр” серіктестігі айналысуда. Мамандар бүгінге дейін істің 30 пайызын тәмамдаған. Мысалы, қазіргі таңда білім ұясының спорт залы толығымен дайын тұр. Мұнда жылыту жүйесі жаңартылыпты.


Ирина Ельцова – №5 орта мектебінің директоры:

-53 жылдың ішінде жылыту жүйесі бірде-бір рет ауыстырылмады. Дегенмен, қыс мезгілінде білім ұясының іші жылы болып тұрады. “Сақтықта қорлық жоқ” демекші биыл оны ауыстыруды жөн деп таптық. Облыстық бюджеттен осы шаруаға 25 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Келесі жылы электр жүйесін толығымен ауыстырмақпыз.

Жалпы, үстіміздегі жылы облыс орталығында 7 мектепке күрделі жөндеуден өтпек. Маңызды іске республикалық және облыстық бюджеттен 147 млн теңгеден астам қаражат бағытталған.


Азамат Теміров – қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары:

-Үстіміздегі жылы Петропавл қаласының мектептеріне күрделі жөндеу жүргізу үшін облыстық бюджеттен 85 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді. Сондай-ақ, республикадан қаланың 5 мектебіне 61 млн теңге қарастырылды. Күрделі жөндеуден бөлек, 20 мектептің кітапханаларына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Жоспарға сәйкес, барлық мектептердегі күрделі жөндеу жұмыстары тамыздың 15-іне дейін аяқталуы тиіс.

Дана Ешкенова

Бұдан әрі оқыңыз

ҚР ҰҰ Әскери институтын 24 жылда 4 мыңға жуық курсант тәмамдаған
Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі білікті мамандар даярлауда
Облыста 56 мектеп күрделі жөндеуден өтеді
Покровка орта мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр
Студенттер жол сапасын тексеруді үйренуде
Магистрлерге диплом табысталды
Петропавлда су шаруашылығының мамандарына арналған институт ашылды
Екпе егу науқаны қарқын алды
Өңірде 1-ші сыныпқа қабылдау үшін 7 мыңнан астам өтініш түскен