Құқық қорғау органдары

Спортшы полицейлер

Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі. Облыстық полиция департаментінің инспекторы Ердәулет Сайдуллаев кішкентай кезінен тәртіп сақшысы болуды армандаған. Формадағы асқар тау ақылшысының қызмет етіп жүргенін көріп өскен бала жастайынан алдына мақсат қойыпты. Бүгінде ол дегеніне жетті. Батылдық пен шапшаңдықты талап ететін жұмысымен қоса, қоян-қолтық ұрыспен де айналысып жүр. Жуырда әлем чемпионатына қатысып, қола жүлдемен оралды.

Ердәулет Сайдуллаев – облыстық полиция департаментінің инспекторы:

Жарысқа іріктеу наурыз айында Щучинск қаласында өтті. Шымкент қаласында оқу-жаттығу сборы басталды. Ол жерде 18 күн дайындалдық. Чемпионат 3 күнге созылды. Бірінші күн – предварительные бои, содан кейін полуфинал және финал өтті.

Еске сала кетейік, жаһандық дода Ташкент қаласында өткен болатын. Ердәулет Сайдуллаев 75 келі салмақ дәрежесінде Америка, Әзірбайжан және Өзбекстан елдерінің өкілдерімен күш сынасқан. Соңғы жекпе-жекте біраз тер төгуге тура келген екен.

Ердәулет Сайдуллаев – облыстық полиция департаментінің инспекторы:

-Өзбек қарсыласыммен қиын болды. Өйткені, ол 2017 жылы Әлем чемпионы атанған болатын. Сондықтан, қарсыласыммен өте қиын болды.

Бұйырғаны – 3-ші орын. Ердәулет Сайдуллаевпен бірге әріптесі, үзеңгілес досы Ырысбек Байдуллаев та ел қоржынын қола медальмен толықтырды. Ол 65 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған.

Уәлихан Жүсіпов – облыстық полиция департаментінің инспекторы:

-Ырысбек спорттың бұл түрімен 7 жылдан аса айналысып келеді. Ал Ердәулет 2-ші жыл шұғылдануда. Соған қарамастан ол облыс біріншілігінде 1-ші орын иеленіп, Қазақстан чемпионатында да үздік нәтиже көрсетті.

30 мемлекеттің спортшылары қатысқан дүбірлі додада ел намысын 9 қазақстандық қорғады. Оның екеуі – солтүстікқазақстандықтар. Жергілікті спортшылар бұл жетістіктерімен тоқтап қалмақ емес. Алға қойған мақсаттыр ауқымды. Қос полицей енді қоян-қолтық ұрыстан Азия чемпионатына қатысуды жоспарлап отыр.

Алтынай Казиканова