БілімБалалар

Университетте шығармашылық емтиханға өтінім қабылданып жатыр

Арманға қарай нық қадам. Айнұр Байзақова биыл Мамлют ауданында орналасқан Ленин орта мектебін тәмамдаған. ҰБТ-ны мамыр айында тапсырыпты. Білімге құштар қыз 113 бал жинап, сынақтан сүрінбей өткен екен. Ендігі мақсаты – мұғалім атану.

Айнұр Байзақова – талапкер:

– Бала кезімнен мұғалім болғым келді.  Орыс тілі және әдебиеті пәндерін оқып, дайындалдым. Мектепішілік, аудандық және облыстық олимпиадаларға қатыстым.  Осы СҚУ-ды өзім таңдап келдім.

Айнұр комиссия мүшелерімен әңгіме жүргізіп, өзін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Ал құжаттарды шілде айының ортасында тапсыра алады екен. Нақты қай күні келетіндігі жайлы мамандар egov.kz арқылы хабарлайды. Қазір тек шығармашылық емтиханнан өтетін жастардың өтініші қабылдануда.

Гүлмира Оспанова – М.Қозыбаев атындағы СҚУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:

– ҰБТ маусымның 30-ына дейін жалғасады. Құжаттарды қабылдау науқаны 13 шілдеде басталады. Кейін грантқа конкурс жарияланады. Қазір 6 мамандық бойынша шығармашылық емтиханнан өтетін жандардың тізімі құралып жатыр. Оған жауапты арнайы комиссия жұмысын кеше бастады. Бүгінге дейін 30-ға жуық жас келіп өтінім білдірді.

Шығармашылық емтихан шілденің 8-і мен 13-і аралығында өтеді. Дәл осы уақытта Жоғары медициналық мектеп пен педагогикалық факультетке қабылданушылар арасында онлайн тестілеу ұйымдастырылады. Қатысушылар сынаққа дейін университетке келіп, өтінім жазулары керек.

Гүлмира Оспанова – М.Қозыбаев атындағы СҚУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:

– Педагогикалық мамандықтар үшін шектік бал 70-тен 75-ке дейін көтерілді. Медицина саласы – 70, ал ауыл шаруашылығын меңгергісі келетін талапкерлер 50-ден төмен алмауы керек. Шектік ұпай жинағандар грантқа ұйымдастырылатын конкурсқа қатыса алады. Ал сынақтан құлаған жастар университетке ақылы түрде оқуға түсе алады.

Қазірге қай мамандыққа нақты қанша грант бөлінгендігі жайлы ақпарат жоқ. Жуық арада белгілі болады.

Маржан Касымбек