Спорт

ҚР велоспорт федерациясының өкілдері жоспарларымен бөлісті

200-ге жуық спортшы бақ сынаған доданың нәтижелері заманауи гаджеттердің көмегімен анықталыпты. Әр велосипед арнайы құрылғымен жабдықталған екен. Заман игілігі мәре сызығын кескен қос дөңгелекті көліктің уақытын автоматты түрде тіркейді. Төрешілер құрамы да жаңа форматта жұмыс істеген. “Осылайша біз әлемдік стандарттарға сай жарыс өткізуге жол салудамыз”,- дейді федерация президенті.

 Нұрлан Смағұлов, ҚР велоспорт федерациясының президенті:

-Біз қазір ел көлеміндегі бүкіл веломектептерді дамытуға белсенді түрде күш салып жатырмыз. Балаларды жаңа спорт ұйымдарына көшірудеміз. Жақында барлық нысанды жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді бастаймыз. Мұның нәтижесінде таланттар анықталады, тәжірибелі ұжымдар пайда болады. Қазіргі күні Қазақстанда 3 құрлықтық команда бар.

Қазіргі күні еліміздегі мықты командалардың көшін «Аstana pro team» құрамасы бастап тұр. Оған беделді спортшы, Қазақстан велоспорт федерациясының вице-президенті Александр Винокуров жетекшілік етеді. Жерлесіміз алда келе жатқан Токио Олимпиадасын тағатсыздана күтіп жүрмін дейді. Себебі, төртжылдықтың басты бәсекесінде отандастарымыз, оның ішінде солтүстікқазақстандық спортшы бақ сынайды.

Александр Винокуров, ҚР велоспорт федерациясының вице-президенті:

-Менің ойымша, ел намысын қорғауға Алексей Луценко толығымен лайықты. Өйткені, ол Францияда өткен жарыста жақсы нәтиже көрсетіп, 2-ші орын иеленді. Өте көп еңбектенді. Қазіргі күні дайындықты одан әрі күшейтіп жатыр. Ел қоржынына алтын медаль салады деп үміттенеміз.

Қазақстандық велошабандоздардың алдағы олимпиадаға қатысуға мүмкіндік беретін 7 лицензиясы бар. Олимпиадалық бағдарламаның ішіне веломотокросс та кіреді. Мұнда спортшылар ВМХ велосипедімен өнерлерін паш етіп, жүлдеге таласады. Федерация өкілдерінің айтуынша, жақында Петропавлда осы спорт түріне арналған парк ашылуы мүмкін.

Әсем Қонақбаева – ҚР велоспорт федерациясының бас хатшысы:

-Басқа спорт ғимараттарына қарағанда ВМХ паркі оңай тұрғызылады. Мұндай алаңдар күрделі құрылысты талап етпейді және қауіпсіз болып саналады. Ені мен ұзынды 120 және 60 метрді құрайды. Ол жерде кез келген жан веложаттығу жасай алады. Тіпті, 2 жастағы баланың да велосипед тебуіне болады.

Егер парк салынатын болса ол жердегі тренерлер келген адамдарға тегін қызмет көрсетеді.

Бердимурат Баймухан