БілімБалалар

ҚР ҰҰ Әскери институтын 205 жас тәмамдады

Қаз-қатар сап түзеп, плацқа қарай келе жатқан жігіттердің аяқ алысы алыстан естіледі. Үстерінде – парадтық киім, көздерінде – мақтаныш. Институт курсанттары үшін бүгін айтулы күн. 4 жыл бойы ел қорғаны болуға машықтанған жігіттер бірер сәттерден соң офицер атанады.

Дәстүрге сай, ең алдымен алаңға Әскери институттың жауынгерлік байрағы шығарылды. Оқу орнына бұл туды 1997 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі табыс еткен. Елдің шетінде, желдің өтінде орналасқан қала кездейсоқ таңдалмады. Қытымыр қысы 6 айға созылатын солтүстікте нағыз Отан қорғаушылар даярланып шығады делінген болатын. Ел үшін ерінбей еңбек ететуге әзір түлектердің биыл 21-ші легі үлкен өмірге қадам баспақ. Шен таққан жастарды облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев құттықтап, қызмет жолында сәттілік тіледі.

Сәтжан Аблалиев – СҚО әкімінің орынбасары:

-Алғашқы офицерлік атақ «Лейтенант» шенін алуларыңызбен құттықтаймын. Сіздер ел үшін мерейлі жылда еңбек жолын бастайсыздар. Елімізге адал еңбек етіңіздер.

Отанды көздің қарашығындай сақтау – абыройлы іс. Көп ұзамай дипломды табыс ету салтанаты басталып та кетті. Биыл 10 курсант институтты “қызыл” дипломмен аяқтап жатыр екен. Солардың бірі алматылық – Арман Кенішбек. 23 жастағы жастағы жігітке “Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін” төсбелгісі табыс етілді.

Арман Кенішбек – ҚР ҰҰ Әскери институтының түлегі:

-Оқуға түсетін болсам, қалайда үздік аяқтаймын деген болатынмын. Арманыма жеттім. 00:02 4 жылда қиындықтарды жеңе білуге және алға қойған мақсатқа жетуді үйрендім.

Ұлттық ұланның Әскери институтын биыл 205 курсант тәмамдап отыр. Олардың 8-і – тәжік елінен келсе, 7-еуі – Қырғызстан азаматы. Әттең, салтанатты шараға түлектердің туған-туыстары қатыса алмады. Карантинге байланысты. Ата-аналары ұлдарының лейтенант шенін атанған сәтін тікелей эфир арқылы тамашалады.

Бауыржан Әбжанов – ҚР ҰҰ Әскери институтының бастығы:

-Түлектер институт базасында 7 мамандық бойынша білім алды. Өз қалауларымен 3 жігіт Мемлекеттік күзет қызметі құрамында жұмыс істеуге өтінім білдірді. Ал Қорғаныс министрлігіне – 5, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне 7 офицер жіберілмек.

Қолына диплом алған мамандар сол күні-ақ еліміздің түкпір-түкпіріне қызметке жіберілді.

Маржан Касымбек