МТРА жаңалықтары

Президент газ саласын дамыту жөнінде кеңес өткізді

“Президент газ саласын дамыту жөнінде кеңес өткізді”,- деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. Онлайн-жиында көгілдір отынмен қамту ісіндегі өзекті мәселелер қаралды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, бүгінде Қазақстанда газдандыру жұмыстары сылбыр жүріп жатыр. Осы күнге дейін жалпы республикалық көрсеткіш 53 пайыздан асқан. Мемлекет басшысы жағдайды сынай келе елорданы, Қарағанды және Ақмола облыстарын газбен қамтамасыз ету мерзімінің кешіктіріліп жатқанын тілге тиек етті. Зауыттардың жай-күйі де мәз емес. Бірінде құрал-жабдықтар тозған, екіншісі жаңғыртудан өтсе де түрлі қиындықтарға тап болуда. Бұл жанармай құю станцияларындағы тапшылыққа және бағаның шарықтауына алып келді. Президент ахуалды реттеу бойынша тапсырма берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:


– Бұған дейін өңірлер бойынша газ тарифін реттеу және халықты қолжетімді газбен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма бердім. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру керек. Бір сөзбен айтқанда, халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарын, сондай-ақ, жұмысы газ бағасына тікелей байланысты экономика салаларын жүйелі түрде қорғау мақсатымен баға белгілеудің түсінікті әрі жаңа ашық моделі қажет. Үкіметке 1 қыркүйекке дейін аталған мәселенің әдіс-тәсілдерін әзірлеуді тапсырамын.