ТЖ

Жыл басынан бері қалада 106 өрт оқиғасы тіркелген

Өңірде бірнеше күннен бері аптап ыстық тұр. Мұндай ауа райында қызыл жалынның бас көтеру қаупі жоғары. Оған қоса, жан-жаққа ұшқан терек мамығынан да өрт шығуы мүмкін. “Мұны естен шығармаған жөн”,- дейді қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері. Мамандардың сөзінше, кейбір тұрғындар аулаларын жинап жүріп, ұлпаны өрттеп жатады. Салдарынан қас-қағым уақыт ішінде төңірекке тілсіз жау тарап, қауіп төндіруі ықтимал.

Жанат Жұмажанов – Петропавл қалалық ТЖБ бас маманы:

-Кейбір тұрғындар мамықты жаққаннан кейін жағдайды соңына дейін бақыламай, оқиға орнынан кетіп қалады. Осының салдарынан өрт шығуы мүмкін. Мәселен, жақында ғана Петропавлда терек мамығының жануынан 2 бірдей өрт оқиғасы тіркелді. Тілсіз жаудың кесірінен 3 тұрмыстық нысанға залал келді, 1 үйдің кіреберісі мен 1 баспана тұтас отқа оранды. Сөндіріп үлгердік.

1-ші Заречный көшесі, 106 мекенжайында жағылған мамықтан айналаға от тарап, қора-қопсы жанып кетіпті және бақшадағы ағаш пен қоршауды өрт шалған. Абырой болғанда, жалын үйге жетпей ауыздықталды.

Жанат Жұмажанов – Петропавл қалалық ТЖБ бас маманы:

-Осыған ұқсас оқиғалардың алдын алу мақсатында жеке тұрғын үй секторларында күнделікті рейд өткізіп жүрміз. Өйткені, орын алған жағдайларға қарап тұрғындардың қауіпсіздік ережелерін ескермейтіндерін байқауға болады. Көпқабатты баспаналарды да назардан тыс қалдырмаймыз.

Жыл басынан бері облыс орталығында 106 өрт оқиғасы тіркеліпті. Салдарынан 8 адам көз жұмған. 19 адам түрлі дене жарақатын алыпты. Материалдық шығын көлемі 13 млн теңгені құрайды.

Алтынай Казиканова