Бизнес және экономика

«Ashyq» жобасының көшбасшылары анықталды

Бұл – қаладағы «Скиф» фитнес орталығы. Мұнда халық көп жиналады. Денелерін шынықтырамын деп келген жандардың барлығы залға кірместен бұрын мына QR кодты сканерлеулері қажет. Дайын болған нәтиже осындағы қызметкерге көрсетіледі. Егер статус көк немесе жасыл болса, ішке өтеді. Айта кетейік, аталған ұйым облысымызда «Ashyq» жүйесіне алғаш болып тіркелген.

Анастасия Луконина – фитнес клубының менеджері:

-«Ashyq» жобасына 16-шы сәуірде қосылдық. Алғашқы уақытта клиенттер жүйенің жұмысын дұрыс түсінбеді. “Неге қойдыңыздар” деп шағымданғандар да болды. Жаңашылдық тұрғындардың өздері үшін пайдалы екендігін айтқымыз келеді. Біз келушілерге соның бәрін түсіндірдік. Қазір бәрі оңай. Адамдардың барлығында «Ashyq» қосымшасы бар. QR кодты сканерлейді де ішке кіре береді.

Жаңашылдықтың арқасында жұмысымыз жүйелене түсті дейді қызметкерлер. Соңғы 2 аптаның ішінде осы жерде мыңнан аса чекинг тіркелген. Яғни, QR кодты сканерлегендердің саны бойынша фитнес клуб облысымызда көш басына шықты. Марапатқа жергілікті университеттің бассейні де ие болды. Мұнда күніне 100-ден аса адам келеді екен.

Көшбасшы атағымен бірге қос нысанның жұмысына жеңілдік берілді. Алдағы 2 аптада олар күнделікті графиктен 2 сағат артық жұмыс істей алады. Сондай-ақ, келушілердің санын 10 пайызға дейін арттыру мүмкіндігіне ие болды. Мұндай қолдау басқа да қоғамдық орындарға көрсетіледі. Ол үшін ұйымдар «Ashyq» жобасына қатысуы керек. Өзіміз білетіндей, аталған жүйе оқшаулану ережесін бұзып жүрген жандарды анықтауға көмектеседі.

Жеңіс Қазиев – СҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

– Жыл басынан бері облысымыздағы қоғамдық тамақтану орындарында сары статустағы 2 адам тіркелді. Ал республика бойынша күн сайын 200-ден аса жан қызыл статуспен анықталып жатыр. Бұл жобаның дұрыс бағытта жұмыс істеп тұрғанын білдіреді. «Ashyq»-тың арқасында біз ауырған адамдармен байланыс жасаудың алдын аламыз.

Жалпы, қазіргі күні аймақтағы 154 нысан «Ashyq» жобасына қосылған.

Бердимурат Баймухан