Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қызылжар ауданындағы Виноградовка селосында ауызсу тапшы

Виноградовка селосының тұрғындары бір тамшы судың қадірін біледі. 400 үй түтін түтетіп отырған елді мекенде су алатын орын біреу-ақ. Оның өзі кестемен ғана жұмыс істейді. Тоқпен жүретін құдық күніне 2 рет іске қосылады. Яғни, таңертең және кешке. Құдық басында күнде – ұзын-сонар кезек әрі ыдыстың бәрін 1 сағаттың ішінде толтырып үлгеру керек. Кешіксе құдықтағы су таусылып қалуы мүмкін.

Марина Пантюхова, Виноградовка селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Судың бір флягасын 40 теңгеге сатып аламыз. Өзім әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істегендіктен, жалғызбасты қарттар мен мүгедектердің де үйлеріне су тасимын. Әзірге, аптасына екі рет барамын. Күн ысыған сайын суға деген қажеттілік артып барады.

Көмекшісі бар қарттар аптасына екі рет үйіне су кіргізіп алады. Ал басқа қариялардың жалғыз жанталасуына тура келеді. Тырнақтап жиналған тіршілік нәрі тек ішуге ғана жетеді. Тұрғындар үй шаруасына қажеттіні ауылдан бірнеше шақырым жерде орналасқан көлден әкеледі. Онда баруға техникасы жоқтар көл суының 40 литрін мың теңгеге сатып алуға мәжбүр.

Жәмилә Боранбаева, Виноградовка селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

-Неше жылдан бері су жоқ. Болотадан су ішеміз. Тісіміз ауырып, түсіп жатыр. Балалардың іштері ауырады. Малға да су жоқ.

Ауыл тұрғындары жағдайды айтып жергілікті әкімдікке талай рет жүгінген. Мәселе жыл басында шешімін табуы керек болған. “Есіл су” филиалының мамандары көктемде құбырға дейін әкеліп, бірнеше күн құрылыс жұмыстарын жүргізген. Жоспар бойынша ауылға су құбыры тартылуы тиіс еді. Жұртшылықтың қуанышы ұзаққа созылмады. Көп уақыт өтпей шаруа тоқтап қалыпты.

Жәмилә Боранбаева, Виноградовка селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– 15 күн істеді де кетіп қалды. Біреулер келіп жұмысты тоқтатып тастады. Дайын материал тұр. Осыны істейтін болса, 2 айда су келетін еді. Бізге тіршілік нәрі керек!

Құрылыс жұмыстарының тоқтау себебі тұрғындарға әлі күнге дейін айтылмапты. Біздің келгенімізді естіген Виноградовка селолық округінің әкімі де асығыс кеп, ауылдағы ағайынмен жиын өткізді.

Әділбек Есендіков – Виноградовка селолық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

– Құжаттар түгел емес.   Бұл жоба 13-ші жылы істелінген.  «Қаз байлық»-тың адамдары келіп түсініктеме берді. Не үшін тоқтағанын айтты. Рұқсат берілген соң, шаруа қайта басталады.

Айтуынша, қазір су құбырының жобалық-сметалық құжаттамасына өзгеріс енгізіліп жатыр. Қашан дайын болатыны белгісіз. Ендеше құрылыс жұмыстарының да қашан басталатынын дөп басып айту мүмкін болмай отыр.

Маржан Касымбек