Құқық қорғау органдарыҚоғамЕрiктiлер

Көше кезген баланың анасына қандай жаза қолданылады?

Петропавлдағы Жұмысшы кентінде көше кезіп жүрген 2 жастағы баланың анасына қатысты әкімшілік іс қозғалды. Осы күнге дейін жауапсыз ана іздестіріліп, әлеуметтік желілерде балғынның суреті тараған болатын. Нәзікжанды кеше анықталған. Тәртіп сақшыларының айтуынша, 24 жастағы Есіл ауданының тумасы 13-і күні қалаға қыдырып келіпті. Балақайды Жұмысшы кентіндегі таныстарына қалдырып, өзі құрбыларымен 20-шы ықшам ауданда ішімдік ішсе керек. Ащы судың арбауына түскені соншалық, бауыр еті баласын өзі іздемеген. Бүгінде балақай облыстық балалар ауруханасында дәрігерлердің қарауында. Жағдайы жақсы, анасымен әлі қауышқан жоқ. Баланың шешесі бұған дейін осыған ұқсас әрекеті үшін жауапкершілікке тартылған.

Еркегүл Басыбаева – қалалық ПБ ювеналдық полиция бөлімшесінің аға инспекторы:

-Былтырғы жылдары ол кісі ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 127-бабы бойынша жауапкершілікке тартылған. Қазіргі кезде профилактикалық есепке қойылды. Сотқа материалдар жинау жұмыстары жүріп жатыр.

Бердимурат Баймухан