МТРА жаңалықтары

СҚО-да 4 саяси қуғын-сүргін құрбаны ақталды

Заманының заңғары Әбу-Насыр әл-Фараби бабамыз: “Өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес” дейді. Осыдан тарихты тану әрбір перзенттің қасиетті міндеті екенін ұғынамыз. Оны Президеніміз де жиі айтып тұрады. Мамырдың 31-і күні Қазақстан халқына үндеу жасап, маңызды мәселеге тоқталғаны ел есінде.

  Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті
– Былтыр қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін Мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия солақай саясаттан жапа шеккен қазақстандықтарға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіруге тиіс. Бұл – мемлекеттің ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның парызы

Бұл парыз бүгінде орындалып жатыр деп сеніммен айтуға болады. Еліміздің әр өңірінде комиссиялар құрылып, том тарихты ақтаруды, өткенді қайта жаңғыртуда. Осы мақсатта Солтүстік Қазақстан облысында 7 бірдей топ жұмыс істеп жатыр. Әрқайсысының өз бағыты, өз міндеті бар. Барлығының қалауы – мейлінше көп мәлімет табу, барынша көп қуғын-сүргін құрбандарын ақтау.

Ғани Нығыметов – СҚО әкімінің орынбасары:

-Президент айтқандай: қуғын-сүргін құрбандарын ақтау – мемлекеттің ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның борышы. Бұл мәселенің астарында үлкен маңыз жатыр. Биыл – Қазақстанның 30 жылдығы. Осы жылы бұл жұмыстың мән-маңызы ерекше. Сол себепті, біз барлығын түсінеміз. Бұл жұмысты атқару – біздің борышымыз.

Сонымен, не істелді, қандай да бір нәтиже бар ма? Бар деп толық сеніммен айтуға болады. Жаңағы 7 топ сәуір айында іске кірісіпті. Содан бері мыңдаған адамның құжаты көтерілген, деректері тексерілген. Нәтижесінде тағдырдың тәлкегіне ұшыраған 4 адам ақталған. Жұмыс әлі де жалғасуда.

Сәуле Мәлікова – Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Бүгінгі күні біз 8 мыңнан астам адамның сотталғанын анықтап отырмыз. Оның 200-ден астамы 58-ші баппен сотталған. Анықталғандардың 6666-сы ақталмаған. Олардың ішінде ірі байлардың тізімі бар. Жер аударылған кулактардың тізімі бар. Депортацияланған адамдардың да құжаттарын қарап отырмыз.

Тарих қойнауына сапар жасау оңай шаруа емес. Құжаттардың бір бөлігі ескірген. Кейбірі тіпті қолмен жазылыпты. Олардың әрқайсысына “майшаммен” үңілу, қорытынды жасау біраз қажыр-қайратты, уақытты талап етеді. Бірақ, біздің ғалымдар бастаған істі тастамақ емес. Керісінше, одан әрі ізденуге әзір. Жерлестерімізге өңірге арнайы жұмыс сапарымен келген Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясы жобалық офисінің басшысы Сабыр Қасымов мынандай кеңес береді: Ауылдарды жиі аралау қажет. Себебі, кезінде елді мекен тұрғындары солақай саясаттың нысанасына көбірек іліккен.

Сабыр Қасымов – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясы жобалық офисінің жетекшісі:

-Ғалымдардың айтуынша, қуғын-сүргінге ұшыраған қазақстандықтардың 80 пайызы – ауыл тұрғындары. Қазір ол ауылдардың біразы жоқ. Репрессияға ұшыраған адамдар қайтыс болып кетті. Сол адамдардың ұрпақтарын табу керек. Бізге нақты цифрлар қажет.

Ауылдарды аралағанда қуғын-сүргін құрбандарын ғана емес, тарихи орындарды да анықтау керек. Бұл іспен солтүстікқазақстандық мамандар айналысып жатыр. Ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже де бар.

Сәуле Мәлікова – Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Бүгінгі күні конфискацияға ұшыраған байлардың қай жерден кеткені анықталып отыр. Сыммен оралған арнайы концлагерь болған. Ол Тимирязев ауданындағы Жарқын ауылының жанында орналасқан. Және де М.Жұмабаев ауданындағы Александровка селосында арнайы коммендатура құрылған.

Облыстық әкімдік қабырғасында ұйымдастырылған жиында проблемалық сұрақтар да көтерілді. Өңіріміздегі ведомстволық архивтерде маман жетіспейді. Салдарынан, тиісті құжаттарды жылдам табу мүмкін болмай жатыр. Сабыр Қасымов департамент өкілдеріне арнайы адам тартуды ұсынды. Оларға қаржы қарастырылып, жалақы төленуі қажет. Аймақ басшысының орынбасары Ғани Нығыметов өз кезегінде ақша бөлінетіндігін, мәселе шешілетіндігін тілге тиек етті. Келесі проблема – ғалымдардың аздығы.

Сабыр Қасымов – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясы жобалық офисінің жетекшісі:

-Солтүстікте ғалымдар жетіспейді. Қатарға өлкетанушыларды, зерттеушілерді тарту керек. Ғылыми дәрежесі жоқ, бірақ жүрегі-ойы таза, ар-намысы бар адамдар да бар. Соларды қосу керек. Олар ғалымдардан артық жұмыс істейді. Оған біздің көзіміз жетіп жүр.

Айта кетейік, өңірімізде қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жұмыстары 3 жылға созылмақ.

Байболат Култанов