Өңірде 134 мыңнан астам бала сақтандырылған

Балалар

23:28 15 Маусым 2021

Бибігүл Рахимова 4 ай бұрын ана атанып, көптен күткен тұңғыш сәбиін құшағына алды. Кішкентай Айсұлтанды жоспарлы түрде педиатрға ай сайын қаратып тұрады. Дәрігерлер сәбидің бойы мен салмағын өлшейді, анасына кеңес береді. Жуырда 10 күндік массаждан өтіпті. Қабылдаудың барлығы тегін.

 Бибігүл Рахимова – қала тұрғыны:

-Балам осы 1-ші емханада сақтандырылған. Ай сайын дәрігерлердің қабылдауына келеміз. Педиатр, хирург пен невропатолог мамандарға қаралдық. Қабылдаудың барлығы тегін. Алдын ала жазылып келгендіктен ұзын-сонар кезекте тұрудың қажеті жоқ.

Елімізде 18 жасқа дейінгі балалар медициналық көмекті тегін алуға құқылы. Яғни, әр балаға мемлекет қорға ай сайын 2 989 теңгеден жарна аударады. Қазіргі уақытта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде 6,5 млн-нан астам ұл-қыз мемлекет есебінен сақтандырылған. Оның 134 мыңнан астамы – солтүстікқазақстандықтар.

 Қарлығаш Ілиясова – “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕ АҚ СҚОФ бөлім жетекшісі:

-Қазіргі таңда біздің облысымызда 542 мыңнан астам тұрғын емханаларға тіркелген. Соның ішінде жеңілдетілген санатқа 285 мың адам кіреді. Оның 134 мың 130-ы – балалар. Бұл ұл-қыздардың барлығында мәртебелері бар. Олар емдеу мекемелерінде барлық көмекті тегін ала алады.

Сонымен, балалар қандай медициналық көмекті тегін ала алады? Олар: шұғыл және жоспарлы қымбат оталар, рентген, компьютерлік томография, МРТ және ЭКГ тексерістері. Балаларға тіс емдету де тегін. Айта кетейік, балаларды мемлекеттікпен қатар, жекеменшік мекемелер де қабылдайды. Бірақ, жекеменшік клиника мен қордың арасында келісім шарт болуы тиіс және қаралуға келген адам міндетті түрде сақтандырылуы қажет.

Дана Ешкенова

Бұдан әрі оқыңыз

Облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы жаңа туындылармен толықты
Дертке шалдыққан балаларға арналып иппотерапия курсы өтті
Жазғы лагерьдегі балаларға жолда жүру ережелері түсіндірілді
«Мерейлі отбасы» облыстық байқауының жеңімпаздары анықталды
Жаңа оқу жылы дәстүрлі форматта өтеді
Құтқарушылар балаларға суда жүзуді үйретті
Ерекше балаларға арналып шеберлік сағаты ұйымдастырылды