БілімҚоғам

Білім саласы 30 жылдың ішінде қалай өзгерді?

Тәуелсіздік жемісі. Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебін қысқаша осылай сипаттауға болады. Себебі, білім ошағы – өңірде егемендік алған жылдары таспасы қиылған алғашқы қазақ мектебі. Оқу ұясын ашу үшін солтүстікқазақстандық қоғам белсенділері, мұғалімдер мен ата-аналар қауымы біраз тер төкті. Талай есікті қағып, талай табалдырық тоздырып, өз дегендеріне жетті!

Әдия Ахметова – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің алғашқы директоры:

-Балаларды жинадық. Жиналыстар өткізіп, үй-үйді араладық. Осылайша, 1996 жылдың 1 қыркүйегінде мектеп табалдырығын 300 бала аттады.

Бодандықтан енді ғана оянып жатқан халық үшін бұл үлкен жеңіс еді. Бірақ, ұжымның басына түскен қиыншылықтар мұнымен бітпеді. 90-шы жылдардағы ауыр кезеңді 6-шы мектептің мұғалімдері мен оқушылары да молынан сезінді.

Әдия Ахметова – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің алғашқы директоры:

-Мектеп ашылғанда мектептің жарты төбесі болған жоқ. Кадр мәселесі толық шешілген жоқ. Жабдықтау бойынша да проблемалар болды. Сол кездері барлығын үнемдеуге тырыстық. Жарықты үнемдеу үшін оқуды 8-ден емес, 9-дан бастадық. Оған төлейтін ақшамыз болмады. Паяльный лампалармен отырған кездер болды.

Ал мұғалімдер маңдай терін төгіп тапқан жалақыларына қол жеткізе алмады. Айлық айлап берілмеді. Бірақ, ешбір жан мектепке қолын бір сілтеп кетпеді. Өз ісін сүйді, өзі еңбек еткен халқын сүйді. Осылайша, барлық кедергілерге төтеп берді. Ұстаздардың ісіне деген адалдығын ата-аналар қауымы да көрді, лайықты бағасын берді. Жылдан-жылға 6-шы мектепке келген ұл-қыздардың саны артып, 300-ден 700-ге дейін жетті. Педагогтар оқушылардың барлығын біліммен қамту үшін үш ауысымды оқу кезегіне көшті. Мәселені шешу мақсатында 2020 жылы 900 орынға арналған су жаңа мектеп қолданысқа тапсырылды. Ал 2021-ге құрылған жоспар одан да ауқымды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгінде Уәлиханов көшесі бойында мектептің құрылысы жүріп жатыр. Тағы 2 ауданда су жаңа білім ошағы тұрғызылады. жалпы өңірдегі оқу ошақтарының 61 пайызы 50-80-ші жылдары салынған. Соңғы 2 жыл бойы оларды жөндеуге қомақты қаражат бағытталуда. Биыл бұл шаруаны жалғастыру үшін бюджеттен 2 млрд теңге бөлінді.

Нысандардың барлығы 100 пайыз бейнебақылау камераларымен қамтылған. Жыл сайын материалдық-техникалық базаны нығайтуға қаражат бөлініп жатыр. Бірақ, оң өзгерісті мектептің іші-сырты ғана емес, оқу жүйесінің өзі де талап етеді.

Данияр Уәлиев – Химия-биология бағытындағы НЗМ директоры:

-Халық айтады ғой “неше министр болды, сонша реформа қабылданды” деп. Бірақ, шын мәнісінде олай емес. Тәуелсіздік жылдарындағы түбегейлі реформалар осыдан 2-3 жыл бұрын қабылдана бастады.

Эльмира Сәдуақасова – тілші

-Жаңашылдықтар білім бағдарламасына еш өзгеріс енгізген жоқ. Осыдан 50-100 жыл бұрын мектеп қабырғасында балалардың оқыған Ньютон заңы – сол баяғы Ньютон заңы. Пифагор теоремасы мен Дарвиннің эволюциялық теориясының да мәні – бұрынғыша. Өзгергені тек осы тақырыптарды – оқыту әдісі.

Елімізде жаңартылған білім беру бағдарламасы енгізілді. Яғни, бүгінде барлық қазақстандық ұл-қыздар Назарбаев Зияткерлік мектебінің жүйесі бойынша оқып жатыр. Яғни, мұғалім бұрынғыша 45 минут бойы тақта алдында тұрып, жаңа тақырыпты түсіндірмейді. Тек бағыт-бағдар береді. Ал оқушылар өз кезегінде ізденіп, қызығушылық танытып мектеп бағдарламасын меңгереді.


Американдық педагог, профессор Эдгар Дейл оқыту пирамидасын жасады. Яғни, оқушылар дәріс ретінде берген ақпараттың тек 5 пайызын меңгереді. Ал егер сол жаңа тақырыпты өзара талқыласа – 50, практикалық жұмыста қолданса 75 пайызға түсінеді. Мағлұматтарды бір-бірін оқытуда пайдаланса, деректердің 90 пайызы естерінде қалады.

Оқыту пирамидасы білім ошақтарында кеңінен пайдаланылуда. Бүгінде әр сабақ барысында топпен жұмыс пен жоба қорғау көбейді. Барлығы оқушылардың тақырыпты тереңінен, толыққанды меңгеруі үшін жасалуда.

Данияр Уәлиев – Химия-биология бағытындағы НЗМ директоры:

– Елімізде орын алып жатқан өзгерістердің ең жақсысы – балалардың бойында сыни тұрғыдан ойлау қабілетін қалыптастыру. Себебі, балалар ақпаратты дайын түрде алғанымен, оған күмән келтіріп, тексереді, көз жеткізеді. Жалпы, бұл бағдарламада 21-ғасырға қажет қабілеттер тұнып тұр.

Әрі бір мамандық жаңадан пайда болып, бірі тіптен жойылып жатқанда жастарға тез бейімделе білу аса маңызды. Енді бұл дағдылардың барлығы мектеп қабырғасынан-ақ үйретіледі. Қысқасы – қабылданған реформа Тәуелсіздік жылдарындағы ең жемістісі мен жеңістісі. Ал бұл – тек 30 жылдың ғана жетістігі. Алда әлі талай асу бар…

Эльмира Садвокасова