Аптадағы маңызды жаңалықтар

Туған қызын өлімші етіп сабаған әйелге қатысты алғашқы сот отырысы өтті

17-ші қаңтар күні 3 жасар қыз облыстық балалар ауруханасының жан сақтау бөліміне ауыр халде түседі. Қатты жарақат алғаны соншалық, денесінде сау жер қалмапты. Бір айдан астам уақыт бойы дәрігерлер оның өмірі үшін күресті. Өкінішке қарай, туған анасының қолынан қатты соққы алған бүлдіршін есін жинай алмастан сол жерде қайтыс болады. Жаға ұстатарлық әрекетке 22 жастағы Екатерина Голешова есімді келіншектің қатысы бары анықталып, айыпты деп танылды. Белгілі болғандай, ол бұрындары қызын 4 айға балалар үйіне тапсырған көрінеді. Кейін ол жерден бүлдіршінді Захаровтар отбасы алып кетіпті.

Виталий Захаров, жәбірленуші:

– Бұл қыз маған өте жақын болды. Мен оны өз балаларымнан артық жақсы көрдім. Сондай ақкөңіл еді. Мені, үйге келген қонақтардың бәрін құшақтайтын. Басын иығымызға қойып жатқанды ұнататын.

Виталий сотталушының алыс туысы болып келеді. Ол әйелі екеуі 3 жастағы қызды қарауларына алып, өз тегін берген. Өйткені, Екатерина қызынан туа сала бас тартқан. Себебі, Александраның денсаулығында кінәрат болыпты. Ол сал ауруына шалдыққан екен. Кішкентай кезінде дұрыс қозғала алмаған, сөйлемепті де. Захаровтар балаға жақсы көңіл бөлдік дейді. Ұзақ уақыт бойы оңалтуға апарып, дертін емдеуге тырысқан екен. Дәрігердің сөзінше, қыздың дамуында оң өзгерістер байқалып, денсаулығы түзеле бастаған.

Татьяна Захарова, куәгер:

-Александра бізде қала берсін деп сұрадым. Балаларымызбен бірге өседі деп түсіндірдім. Ол бізге: “Осындай ауру бала керек болса, ала беріңдер” деді. Сондай-ақ, баладан бас тарту жөнінде хат жазбақшы болды. Біз Екатеринаға үйге келіп, қызын көріп тұруға рұқсат бердік.

Уақыт өте келе Захаровтар Сашаны толық заңды түрде асырап алуды шешеді. Алайда, Татьяна жұмыссыз болған соң баланы асырауға рұқсат берілмепті. Ал желтоқсанның соңында Екатерина Голешова қызын өзіне қайтарып алады.

Юлия Сысоева, Петропавл қалалық прокуратурасының прокуроры:

-Голешова бірнеше ер адаммен көңіл қосқан. 2020 жылдың күзінде Целых деген ер адаммен тұрыпты. Сол уақытта Екатерина қаржы жағынан қиындық көреді. Кейін ол ауру баланы асырағаны үшін мемлекеттен ақшалай көмек көрсетілетін естиді. Осылайша, қызын қайтарып алуды жөн көреді.

Екатерина жатақханада тұрған. Естіп, көрген жандар оның балаға көп қатыгездік жасағанын айтады. Келіншек ауру балаға аяғына тік тұруды бұйыра берген екен. Бұйрықты орындамаса көк ала қойдай етіп төмпештеп тастап отырған. Тіпті, итеріп, басын батарейге соққан кездер де болыпты. Салдарынан тістері сынып, тілі зақымдалған.

Юлия Сысоева, Петропавл қалалық прокуратурасының прокуроры:

-Баланың басы жерге де, үйдегі жиһазға да бірнеше рет тиген. Арқасын да ауыртқан кездер болыпты. Одан да сорақысы, анасы қақаған аязда қыздың аяғына кроссовки кигізіп, далаға ертіп шығыпты. Соның кесірінен бақайлары үсіп қалған.

20 күннен кейін, 17-ші қаңтар күні тасбауыр ана қызын қатты ұрып есінен тандырған. Жарақат алған 3 жасар
бала ауруханаға жеткізіледі, артынша жан тапсырады. Екатерина Голешова өз кінәсін мойындап отыр. Жаға ұстатарлық іске қатысты бүгін алғашқы тыңдалым болды. Келесісі 23-ші маусым күні өтеді. Мұнда күдіктіден жауап алынуы мүмкін.

Бердимурат Баймухан