Спорт

Петропавлда стритболдан турнир өтті

 

Күн де қызған, күнмен бірге алаңдағы атмосфера да қызған. Әйтпегенде ше, “Динамо стадионында” стритболдан турнир өтіп жатыр. Қазір екі баскетбол себетінің жанында екі бірдей ойынның көркі қызған. Бірінде Светлана Кадникованың командасы өнер көрсетуде. Үздік ойыншылардың бірі саналатын бұрымды баскетболмен 11 жасынан айналысып келеді. Бірнеше жыл тіпті кәсіби түрде шұғылданыпты. Ол қимылынан да, шапшаңдығы мен дәлдігінен де көрініп-ақ тұр.

Светлана Кадникова – жарысқа қатысушы:


-Стритболдан турнир болады дегенді естіп, команда жинадық. Өте жақын араласамыз деп айта алмаймын. Осыған дейін бірге ойнап көргеніміз жоқ. Жарыс алдында бір аптадай дайындалдық. Процесс барысында бірден бір-бірімізді түсініп, тактикамызды ойластырдық. Қарсыластарымыз өте мықты.

Турнир ұйымдастырушылары қатысушылардың деңгейін бірдей деп бағалауда. Бірақ, фавориттер де жоқ емес. “Барс” баскетбол клубының мүшелерінен құрылған команда қазір көш бастап тұр. Алайда, кәсіби спортшыларға лайықты бәсеке көрсететін құрама да табылды.

Сергей Галицкий – жарысқа қатысушы:

-Мен кәсіби түрде акробатикамен шұғылданамын. Ал бос уақытым болғанда достарыммен жиылып, аулада баскетбол ойнаймыз. Жарысқа мүлдем дайындықсыз келдік. Бірақ, жақсы нәтиже көрсетудеміз. Бастысы – керемет эмоцияға ие боласың. Жүлделі орындардан да үмітіміз зор.

Сырт көзге қарағанда стритбол баскетболдан оңайырақ болып көрінуі мүмкін. Бірақ, іс жүзінде аулалық ойынға кететін энергия әлдеқайда көп. Бірнеше секундтың ішінде ойыншылар әрі шабуылшы, әрі қорғаушы болып үлгереді. Яғни, төзімділік бұл спортта аса қажет. Сондықтан, бір кездесудің ұзақтығы 10 минутты құрайды.

Антон Шишканов – жарыс ұйымдастырушысы:

-Стритбол бойынша турнир бүгінде дәстүрлі шараға айналуда. Қуантарлығы сол – жыл сайын қызығушылық білдіретін жастардың саны артуда әрі шеберліктері де шыңдалып келеді. Жарыс туралы әлеуметтік желілерде жариялап едік, командалар бірден жиналды.

Командалар алдымен 4 ойыннан өткізеді. Үздік нәтижеге ие болғандар жеңіске таласады. Жүлделі орыннан көрінген құрамаларға медаль, диплом мен тұрмыстық техника дүкеніне ақшалай сертификат табысталмақ.

Эльмира Садвокасова