Спорт

Мемлекеттік қызметшілер арасында волейболдан турнир өтті

 

Кеңседегі толассыз құжаттар, қызу жұмыс кестесі. Мемлекеттік қызметшілер бір сәтке мұның бәрінен босап, бар назарларын спортқа аударуда. Қазір алаңда Мағжан Жұмабаев пен Жамбыл ауданының әкімдік өкілдері волейболдан сынға түсіп жатыр. Костюм-шалбарды спорттық киімге ауыстырған жандардың қарқыны осал емес.

Нұрсұлтан Шахметов – жарысқа қатысушы, М.Жұмабаев ауданы:

-Бірінші күні 2 команданы, екінші күні де 2 команданы жеңіп полуфиналға шықтық. Бүгін финалға шығып отырмыз.
Командама сәттілік тілеймін.

Жарысқа барлығы 37 команда қатысып жатыр. Ойыншылардың іс-қимылдарына қарап спортқа жақын екендіктерін байқауға болады.

Евгений Целых – жарыстың бас төрешісі:

-Жарыс 4 категория бойынша өтіп жатыр. Аумақтық ведомство, басқарма мамандары, әкімдік өкілдері мен арнайы департаменттердің арасында жеке-жеке ұйымдастырылуда. 3-ші, 4-ші орындар үшін тәртіп сақшылары мен құтқарушылар бақ сынасады. Ал 1-ші және 2-ші орындар үшін Мағжан Жұмабаев пен Жамбыл аудандары ойнайды.

3 күнге созылған сайыс қорытындысын баяндайық. Әкімдіктер арасынан 1-ші орынды – жамбылдықтар, 2-шіні – Мағжан Жұмабаев ауданы, ал Уәлиханов ауданының командасы 3-ші орынға табан тіреді. Сонымен қатар, шенділер арасында Полиция департаментінің ұжымы – 1-ші орын еншілесе, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері мен Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері 2-ші және 3-ші орынға ие болды.

Алтынай Казиканова