Ауыл шаруашылығыҚоғам

Алқаптарда химиялық өңдеу жұмыстары жүріп жатыр

Жерді жарып, енді шығып жатқан бұл өсімдік – жүгері. Тұқымын “Петерфельд-Агро” серіктестігі мамырдың 18-і сеуіпті. Енді 92 гектар болатын алқапты гербицидпен өңдеуге кіріскен. Себебі, дақылмен бірге арамшөп те қаптап өсіп жатыр. Зиянкестер топырақтағы соңғы ылғалды сорып, жүгеріні сусыз қалдырмақ. Сондықтан, уақытылы күрес жүргізу керек дейді шаруашылықтың бас агрономы Корней Шевченко.

Корней Шевченко, «Петерфельд-Агро» ЖШС бас агрономы, Қызылжар ауданы:

-Біздің серіктестік ауыл шаруашылығының екі бағытымен қатар айналысады. Биыл 4200-дей гектар жерге алтын дән ектік. 1300 гектарын бидайға арнадық. Барлығын сатылымға жібереміз. Ал қалған сұлы мен жүгеріні малға жем ретінде береміз. Бүгінде агроқұрылымда 3,5 мың ірі қара бар.

Өлкемізде әдетте апталап жауатын жаңбыр биыл сараңдық танытуда. Жер құп-құрғақ. Бүгінге дейін дәл осы алқапқа жауын сіркіреп қана өткен. Мамырда да күн құрғақ болып еді. Салдарынан дақыл дамуын тіпті тоқтатқан. Жүгерінің өсуі үшін ауа температурасы 26 градустан аспауы тиіс. Әдетте жағдайды түзеуге кешкі және таңғы шық септесетін. Биыл ол да жоқ. Сондықтан, бар үмітті аграрийлер минералдық тыңайтқыштарға артып отыр.

 Корней Шевченко, «Петерфельд-Агро» ЖШС бас агрономы, Қызылжар ауданы:

– Биыл жүгеріден жақсы өнім аламыз деген үміттемін. Оны силосқа қосып, малға береміз. Өткен жылы гектарынан 192 центнерге дейін дақыл алғанбыз. Алқаптарды гербицидпен өңдегеннен кейін минералды тыңайтқыш сіңіреміз. Ол үшін арнайы техника сатып алдық. Машина препаратты жүгерінің жапырақтарына шашпайды, дәл тамырына себеді әрі сұйықтықты кез келген ауа райында сіңіруге болады.

Жүгері алқабына минералды тыңайтқыш сіңіру жұмыстары егіс науқанымен қатар жүргізіліпті. Енді дақыл біраз көтеріліп, биіктігі 20-30 см-ге жеткенде аталған препарат тағы себіледі.

Эльмира Садвокасова