Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда майлы дақыл өңдейтін зауыттың құрылысы басталды

Жаңа зауыт қаланың солтүстік бөлігіндегі өнеркәсіптік аймақта бой көтермек. Бос жатқан мына аумақтың көлемі 15 гектарға жуықтайды. Құрылыс жұмыстарына қазақстандық «Имсталькон» компаниясы жауапты. Қазір мамандар кәсіпорын орналасатын жерді тегістеп, қиыршық тас төсеп жатыр.

Павел Селиванов, «Масло-Дел» ЖШС бас директоры:

– Кәсіпорын 11 блоктан құралады. Дәнді қабылдайтын, оны сақтап, қысатын әрі экстракциялайтын орындар болады. Ал дайын өнім арнайы қосында сақталады. Жобаны жүзеге асыруға 15 жарым млрд теңге жұмсалмақ. Қаражаттың бір бөлігін өз қалтамыздан шығарсақ, қалғаны “Қазақстанның даму банкінен” берілді.

Мың естігеннен бір көрген артық. 15,5 млрд теңге тұратын май сығатын зауыттың жобасы – міне. Нысан еуропалық стандартқа сай етіп салынады. Бельгиялық қазандықтармен жабдықталады.

Павел Селиванов, «Масло-Дел» ЖШС бас директоры:

– Жоспар бойынша кәсіпорын тәулігіне 1200 тонна май өндіреді. Жылдық қуаттылық 370 мың тоннаға дейін жетуі тиіс. Өндірілген тауардың 25 пайызы елімізде саудаланады. Ал қалған бөлігін көршілес мемлекеттерге экспорттаймыз. Жақын шетелде мұндай өнімге деген сұраныс жоғары.

Кәсіпорынның дәл біздің өңірде салынуының өзіндік себебі бар. Май рапс, зығыр мен күнбағыс дәндерінен әзірленеді. Шикізаттың бұл түрі өңірімізде жетерлік. Солтүстік Қазақстанның 1 млн-ға жуық гектар жерінде майлы дақыл жайылған. Бұл ел бойынша аталған шикізаттың 30 пайызы теріскейде өсірілетінін білдіреді.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Рапс, зығыр мен күнбағыс дәндерінің сығындысы жоғары протейнді азық болып саналады. Оны ірі қараға берсек сүт пен еттің сапасы артып, өнімділігі өседі. Бұрын ауыл шаруашылығымен айналысатын жандар күнжараны өзге өңірлерден қымбатқа сатып алатын. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін қолданылған майлы дақылдардың қалдығы өзімізде қалады. Агроқұрылымдар керектіні осы жерден алады.

Құрылыс жұмыстары аяқталған соң 250-ден астам адам екі қолға бір күрекпен қамтылады. Заманауи техникамен жұмыс істейтін мамандарға қойылатын талаптар да жоғары көрінеді. Олар әуелі дайындық курстарынан өтеді. Айта кеткен жөн, май сығатын кәсіпорынның құрылыс жұмыстары 2 жарым жылдан соң аяқталады. Зауыттың алғашқы өнімі 2023 жылы шығарылады деп жоспарланып отыр.

Маржан Касымбек