Денсаулық сақтау

Өңірде 46 мыңнан астам адам иммундаудың толық курсынан өтті

Коронавирус инфекциясын өткен тәулікте 21 солтүстікқазақстандық жұқтырған. 18 адамның бойында аурудың анық белгілері байқалады. Қалғандары тәжді вирустың симптомсыз түріне шалдыққан. Әдеттегідей, науқастардың дені – петропавлдықтар. Облыс орталығында COVID-19-ды 7 адам жұқтырыпты. Жалпы, өңірдегі эпидахуал тұрақты деп бағаланып отыр. Санитар мамандардың айтуынша бұл – иммундау шарасының нәтижесі.

Дана Сәлімқызы – тілші:

-Вирустың таралу қарқынын азайту үшін ұжымдық иммунитетті қалыптастыру қажет. Ал ұжымдық иммунитет облыс халқының санына байланысты қалыптасады. Мысалы, біздің өңірде 500 мыңнан астам адам тұрады. Талап бойынша жерлестеріміздің 60 пайызы екпе қойдыртуы қажет. Демек, орта есеппен 300 мың кісі вакцина салдыруы тиіс.

Бұл межеге жету үшін өлкеде 4 айдан бері иммундау шарасы жүріп жатыр. Бүгінге дейін 80 мыңнан астам екпе қабылдаудың бірінші кезеңінен өткен. Ал екінші компонентін салдырғандардың саны 46 мыңнан асады.

Иммундау шарасына қатыстым. Вакцинаның 1-ші компонентін қойдырттым. Енді келесі аптада екіншісін салдыртамын.
-Вакцинацияның қос компонентін салдырттым. Жағдайым жақсы. Бұл біріншіден өзім үшін, екіншіден жақындарымның қауіпсіздігі үшін жасалды.
-Әлі екпе салдыртқан жоқпын. Бірақ, алдағы уақытта ресейлік вакцинаны салдырту ойда бар.

Облыс аумағында 100-ден астам екпе егу қосыны жұмыс істеп тұр. Тұрғындардың уақытын үнемдеу үшін жылжымалы пунктер де ұйымдастырылған. Алайда, вакцина бәріне бірдей қойыла бермейтіндігін білген жөн.

Ұлболсын Қожахметова – №1 қалалық емханасы бас дәрігерінің орынбасары:


-Иммундау шарасы кезінде екпе жүкті әйел адамдарға, бала емізіп жүрген аналарға, онкологиялық ауруға шалдыққан науқастарға, созылмалы дертпен сыртқаттанған жандарға және 18-ге толмаған жастарға вакцина қойдыруға болмайды және аллергиясы бар жандарға да екпе салынбайды.

Тағы бір мәрте естеріңізге сала кетейік, солтүстікқазақстандықтардың таңдауында үш түрлі екпе бар. Олар: қазақстандық “QazVac”, ресейлік “Спутник V” және Біріккен Араб Әмірліктерінде шығарылған қытайлық “HayatVax” препараты. Вакцинаның қос компонентін де салдыртқан жандарға жеңілдіктер жасалады. Мәселен, иммундалған жан ел ішінде ПТР сынамасыз қатынай алады. Сондай-ақ, шекара асуға да мүмкіндігі бар.

Дана Ешкенова