ТКШҚоғам

Көктемде егілген жасыл желек неге қурап қалды?

 
Бұл – Жамбыл Жабаев көшесі бойындағы көрініс. Мамыр айында стадионның маңы көгалданып тұрсын деп көшеттер отырғызылған болатын. Бірақ, 1 айға жетпей сарғайып, жапырақтары қурап қалды. Тура күздегідей жалаңаштанып тұр. Жасыл желектің жағдайы тұрғындарды бейжай қалдырмады. Петропавлдықтар әлеуметтік желіде қызу талқыға салуда.

Ботаникалық саябақтың директоры Артур Рязапов алаңдауға себеп жоқ дейді. Жапырақтары қурап жатқанымен көшеттің өзі өлген жоқ. Тамыры жаңа орынға қалыптасып жатыр дейді маман. Бұл процес әлі бір айға жалғасады.

Артур Рязапов – Ботаникалық бақтың директоры:

– Кез келген көшет жаңа орынға көшірілген кезде ары қарай өмір сүріп кету үшін әрекет жасайды. Тамыр жерге тереңірек бойлау кезінде топырақтың нәрі мен суын өзіне алады да жоғары қарай жібермейді. Нәтижесінде жапырақтары сарғайып, қурағандай болып қалады. Бұл уақытша болатын үдеріс.

Коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері көшеттерге күніне 2 рет су құйып отырады. 1 айдан соң бұтақ қайта жанданып, жапырақтары жайқала бастайды.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Өткен жылы Береке ықшам ауданы мен Набережная, Н.Назарбаев көшесіндегі көшеттер де осылай қурап қалып еді. Ал биыл олардың барлығы жасыл. Жабаев көшесі бойындағы көшеттер де жерге сіңіп жатыр. 1 айға жалғасады.

Биыл облыс орталығында 16 мың шаршы метр жерге көшет отырғызылған. Бұдан бөлек қала көшелеріне тағы 1200 ағаш егіліпті.

Маржан Касымбек