Балалар

Көркемөнер мектебінің шәкірттері пленэр практикасынан өтуде

Күнде таңертен саябақтан өтіп бара жатып бастарына панама киген, қолдарына папка ұстап, сурет салып отырған жастарды кезіктіруге болады. Осы орайда «Бұлар кімдер болды екен?»,-деген сұрақ туындайтыны анық. Сауалға біз жауап берейік. Шығармашыл жандар – қаладағы «ЮНЕСКО клубы» көркемөнер мектебінің тәрбиеленушілері. Осымен 2-ші апта ашық аспан астында пленэр практикасынан өтуде.

Зарина Самадова – «ЮНЕСКО клубы» көркемөнер мектебінің тәрбиеленушісі:

Менің көркемөнер мектебіне барып жүргеніме 6 жыл болды. Қазір түстерді қалай дұрыс қолдануды, айналадағы құбылыстарды нақты бейнелеуді үйреніп жатырмыз. Пленэрге шығып жүргеніме 2 жылдай болып қалды. Әрқашан түрлі әсерге бөленемін. Қазір мына ағаштың суретін салып отырмын.

Ағаш, гүл, құстар мен ғимараттар. Пленэр сабағында суретшілер айналасындағы барлық бейнелерді қағаз бетіне түсіреді. Бір де біреуін қалт жібермеуге тырысады екен. Маргарита Акопянның көркемөнер мектебіне барып жүргеніне көп болмапты. Сонда да дәл осы практиканы ерекше ұнататын көрінеді. Себебін жас суретші өзі түсіндірсін.

Маргарита Акопян – «ЮНЕСКО клубы» көркемөнер мектебінің тәрбиеленушісі:

Жабық кабинетте отырып сурет салғаннан гөрі таза ауамен тыныстап жұмыс істеген әлдеқайда жақсы. Өзім көркем табиғаттан шабыт аламын. Дәл осы саябақта сурет салған қатты ұнайды. Себебі, мұнда ағаштардың түр-түрі бар. Тиындар да кездеседі.

Көкорай шалғын мен құстардың әсем үнінен шабыт алмау мүмкін емес. Жалпы, пленэр сабағы жасөспірімдерге табиғатты сезініп, күн шуағына мән беріп, оны қысқы туындыларында қолдануға көмектеседі екен. «Ең бастысы суретшілер мол тәжірибе жинақтайды»,- дейді «ЮНЕСКО клубы» көркемөнер мектебiнің педагогы Инна Рипачева.

Инна Рипачева – «ЮНЕСКО клубы» көркемөнер мектебiнің педагогы:

Біздегі ұл-қыздар табиғат аясында отырып сурет салғанда олардың құбылыстарды қабылдауға деген қабілеттері артады. Және жан-жақты бола түседі. Әр ұсақ-түйекке мән беріп, техникалық әдіс-тәсілдері дамиды. Оқушылардың пленэр сабағында салған суреттерін жуырда ұйымдастырылатын «Арт-палитра дружбы» байқауына жібереміз.

Бүгінде көркемөнер мектебіне 9 бен 63 жас аралығындағы 300-ге тарта өнерлі жан барып жүр.

Алтынай Казиканова