Балалар

“Аққайың” лагерінде 180-ге жуық бала демалуда

Алтынай Қазиқан – тілші:

– 9 ай оқуды артқа тастап көптен күткен жаз да келіп жетті. Шырайлы маусымда ойын баласының үйде қамалып отырмасы анық. Сондықтан, ұл-қыздардың көпшілігі “Аққайың” лагеріне келіп отыр. Мамандар биыл демалысқа “Мен патриотпын” тақырыбын таңдапты. Сәйкесінше, бағдарлама да осы тақырыпты қамтымақ.

Биыл жазғы демалысын есте қаларлықтай өткізуге келген балғындардың қарасы әдеттегідей қалың. Соның ішінде София Остринская да бар. 11 жастағы бұрымды мұнда жыл сайын келемін дейді.

София Остринская:

-“Аққайың” лагерінде өте қызықты. Уақытымыз тез әрі пайдалы өтеді. Өйткені, жыл сайын тәрбиешілер жаңа бағдарлама дайындап, түрлі үйірмелер ұйымдастырып отырады. Өзіме көбінесе сурет салған ұнайды және осында табиғат аясына демалысқа шығып тұрамыз.

Ата-анадан жырақта демалып үйренгендерден бөлек, лагерьге алғаш рет келгендер де бар екен. Солардың бірі – Бекжігіт Кемел. Бүгін алғашқы күн болса да балғын қатарластарының бәрімен тіл табысып үлгеріпті. Тіпті, жолда келе жатқанда жаңа дос тапқан екен.

Бекжігіт Кемел:

-Лагерьде маған ұнап жатыр. Бұрын келуге жасқанатынмын. Таза ауа, жаңа достар, дәмді тағамдар – бәрі көңілімнен шығуда. 2 сағаттың ішінде тәрбиешілерге де бауыр басып қалдым.

Лагерьде балалардың көңілін көтерумен қатар сақтық шаралары да басты назарда. Атап айтсақ, бөлмелерде жиі-жиі тазарту жұмыстары жүргізіліп тұрады және мұндағы кереуеттердің саны 8-ден 4-ке дейін қысқарып отыр.

Жәнипә Манбетеева – “Аққайың” балалар сауықтыру лагері директорының міндетін атқарушы:

-Таңды күн сайын жаттығулардан бастап отырамыз. Ұл-қыздар уақытылы тамақтанады. Оқушыларды жас ерекшеліктеріне қарай 7 топқа бөлдік. Оларды тәрбиешілері әрдайым бақылайтын болады. Жалпы, балғындар үшін спорттық ойындар мен түрлі қызықты үйірмелер қарастырылған.

“Аққайың” лагеріне қаладан 180-ге тарта ұл-қыз келіп отыр. Ендігі кезекте 10 күн бойы молынан демалмақ.

Алтынай Казиканова