Билік

2020 жылғы қала бюджетінің орындалуында қателіктер бар

 

2021 жылдың 5 айы артта қалды. Ал қалалық мәслихатта әлі 2020-ға қатысты мәселе қаралып жатыр. Бүгін халық қалаулыларының кезекті сессиясы өтіп, өткен жылдағы бюджеттің орындалуы талқыланды. Сөйтсек, өте орынды екен. Қазынадағы қаражатты жұмсауда бірқатар бұзушылық орын алған. Әкімдік мамандары жіберген олқылықтардың басым бөлігі тұрғын үй саласына қатысты. Мәселен, құны 3 млрд 146 млн теңге болатын 4 көпқабатты баспана балансқа уақытылы қойылмапты. Ал мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтерді жалға алған жандардың барлығы бірдей ақысын дер кезінде төлемейді екен. Кей азаматтардың қарызы 400 мың теңгеден асады. Нәтижесінде өткен жылғы қалалық бюджет 8 млн 700 мың теңгеден қағылған. Мінберден сөз алған облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Марат Ебжанов өзге де олқылықтарды жіпке тізді.

Марат Ебжанов – СҚО бойынша тексеру комиссиясының мүшесі:

Мемлекеттік тұрғын-үй қорынан пәтерлерді тиімсіз бөлу фактісі анықталды. Яғни, азаматтардың құқығы бұзылып отыр. Яғни, тұрғын үй заңнамасының бекітілген нормативіне сәйкес, тұрғызылған баспаналардың кемінде 20 пайызы ата-ана қарауынсыз қалған және жетім балаларға берілуі тиіс. Алайда, 2020 жылы аталған санаттағы жандарға 13 пәтерге кем үлестірілді.

Қалалық әкімдікте жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы бойынша жергілікті қазынаға 6 млн 600 мың теңге қайтарылды. Тағы 12 жарым млн теңгеге жуық қаржы алдағы уақытта өндіріліп алынуы тиіс. 2020 жылғы бюджеттің орындалуына қатысты тексеру комиссиясы қалалық әкімдікке қазынадағы қаражатты тиімді пайдалану бойынша бірқатар ұсыныс білдірген.

Эльмира Садвокасова