БілімБалалар

Биыл жергілікті университетті 1840 жуық студент тәмамдайды

Студенттер қазір сессияларын тапсырып, өндірістік практикадан өтіп жатыр. Бүгінде жергілікті университеттің 7500-ден астам шәкірті тәжірибелерін толықтыруда. Араларында шетелдік жастар да бар.

Ерлан Шуланов – М.Қозыбаев атындағы СҚУ басқарма төрағасы-ректоры:

– Бүгінгі таңда бакалавриатта 10 мемлекеттен 395 студент оқып жатыр. Ресей Федерациясынан – 37, Моңғолиядан – 34, Қытайдан 18 азамат келді. 6 адам магистратурада оқып жатыр. Сондай-ақ, біздің ЖОО-да Әзірбайжан, Германия, Грузия, Бангладеш, Қырғызстан және Өзбекстан азаматтары білім алуда.

Шілде айының басында жергілікті университетті 1840 студент тәмамдайды. Биыл қазақстандық ЖОО-дарының барлығы өздері идеясына сүйене отырып жасаған дипломды табыс етеді. Петропавлдағы қара шаңырақ жаңа стильдегі құжаттың үлгісін әзірлеп қойыпты. Түсі мен пішіні басқа демесең, айтарлықтай өзгеріс жоқ екен.

Ерлан Шуланов – М.Қозыбаев атындағы СҚУ басқарма төрағасы-ректоры:

-Биыл «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алған 237 студент университет тәмамдайды. Жастардың 93 пайызы жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда. Осы орайда жергілікті кәсіпорындармен және мемлекеттік мекемелермен алдын ала келіссөз жүргізілген болатын. Медициналық мектепте интернатура бойынша оқитын кадрларға сұраныс жоғары. Қазірдің өзінде ауруханалар мен емханалар қызығушылық танытып, жұмысқа шақыруда.

Жақында оқу орнында қызмет ететін 2 маман еліміздің «Ең үздік оқытушысы» атағын иеленді. Брифинг барысында Ерлан Шуланов жоспармен де бөлісті. Биыл жергілікті университет 2 мың студент қабылдамақшы. Талапкерлер құжаттарын келесі айдан бастап тапсыра алады.

Маржан Касымбек