Ауыл шаруашылығыТКШБилік

Биыл Жамбыл ауданында 4 бірдей ірі жоба іске асырылады

Жамбыл ауданының әкімі Марат Ескендіров өзге әріптестері сияқты баяндамасын егін егу науқанынан бастады. Көктемгі дала жұмыстары әлдеқашан аяқталған. Бұған қайта-қайта тоқтала берудің қажеті жоқ сыңайлы. Ауданда биыл 4 бірдей ірі инвестициялық жоба іске асырылғалы отыр. Жоба не береді? Қанша адам жұмыспен қамтылады?

Дана Сәлімқызы – тілші:

– 4 жобаның бірі – 600 басқа арналған сүт-тауарлық ферма. Кәсіпорын Жамбыл ауылында тұрғызылмақ. Кешен салынатын жер белгілі. Жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Ферма іске қосылғаннан кейін симментал тұқымды ірі қара мал сатып алынбақ. 15 адам жұмыспен қамтылады.

Сондай-ақ, биыл Благовещенка селосында “Екпін-2002” серіктестігі 2 мың басқа арналған асылтұқымды қой фермасын салмақ. Бірінші партиясы – 800 бас маусым айының соңында жеткізіледі. Қалғандары қазан айында әкелінеді.
Жол мәселесіне тоқталар болсақ, биыл ауданда бұл бағытқа 30 млн теңге бөлінген.

Марат Ескендіров – Жамбыл ауданының әкімі:

– Аудандық маңызы бар автожолдарды күтіп ұстауға және ағымдағы жөндеу жүргізуге жергілікті бюджеттен бағытталған қаржының 6 млн-ы игерілді. Сондай-ақ, биыл аудан бойынша 84 шақырымға жуық жол күрделі жөндеуден өтпек. Пресновка, Благовещенка және Қайранкөл ауылдарындағы ішкі көшелерді де жөндеу жоспарланып отыр.

Жамбыл ауданында елді мекендерді жарықтандыруға биыл 40 млн теңге бөлінген. Ауызсуға мұқтаж 48 ауылдың 35-і орталықтандырылған тіршілік көзімен қамтылыпты. Қалғандары сапалы ауызсудан таршылық көріп отыр. 6 жарым мың халқы бар Пресновка селосында жағдай әлі де мәз емес. Марат Ескендіров мәселе биылдан қалмай шешіледі деп уәде етті.

Марат Ескендіров – Жамбыл ауданының әкімі:

-Жыл бойы осы сұрақты қарастырып жатырмыз. Бұл мәселе өткен жылы шешімін табу керек болған болатын. Алайда, қиындықтар туындағандықтан мәселе шешімін таппады.

Марат Ескендіровтің айтуынша Пресновкадағы тиісті су құбыры шілденің 1-і күні іске қосылады.

Дана Ешкенова