Аптадағы маңызды жаңалықтар

Березовка селосында мал бағатын жер жоқ


 – Полностью жыртып тастады. Түк те жер жоқ. Свалканың жанында 500 шаршы метр жер шығар, 1 га да болмайды. Сол жерде ауылдың малын бағып отырмыз.

Ауыл сыртындағы төңіректің бір бөлігі – әскери полигон, қалғаны – жыртылған жер. Алақандай аумақта мал жөнді оттай алмайды. Жайылым жетіспейтіндіктен жергілікті тұрғындар ірі қараның біразын сатып жіберіпті. Бұрындары ауылдан өріске шығатын сиыр саны 200-ге жуық болса, қазір 40-қа да толмайды.

Марат Ертаев – Березовка селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

-Менің өзімнің 30 шақты қойым бар, 2 сиырым болған. Бағатын жердің жоқтығынан жуырда екеуін де сатып жібердім. Қойларды баға алмай, үйде ұстап отырмыз. 5-6 үй мына жерге шығарып, ағаштың бауырында бағып отыр. Биттей ғана жер, тап-тақыр.

Алыстан шөп қалың болып көрінгенімен, жақындап қарағанда жер расымен де тақырланып қалыпты. Айналаны жусан басқан. Оны ірі қара жей қоймасы анық. Шырылдаған тұрғындар мәселені айтып жергілікті әкімге бірнеше рет жүгініпті. Бірақ, еш нәтиже шықпаған көрінеді.

Максим Ищук – Березовка селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Осы мәселеге қатысты ауылдық деңгейдегі әкіммен жиналыс өтті. Ештеңе шешілмеді. Одан қалды, аудандық әкімдікке де жүгініп көрдік. 3 апта бойы күнде хабарласудамыз. Әлі күнге дейін нәтиже жоқ. Малдарды аяймыз, жүдеп бітті.

Бүгінде Петропавлдан 5 шақырымдай жерде орналасқан Березовка селосында 150-ге жуық үй бар. Біразы қаладан ауыл шаруашылымен айналысамыз деп көшіп келіпті. Мал бар, бірақ қазір бағатын жер тапшы болып отыр. Ол аздай, ірі қараны суаруға да мүмкіндік жоқ екен.

Берік Үкібасов – Березовка селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

-Су жоқ. Әр жақта полигонның қасында котлован бар. Соған апарамыз. Есілдің бойына өткізе алмаймыз. 30-ақ мал бар, оның өзі сиырлар ғана. Қалғаны жіберілмейді.

Бұл мәселе жөнінде Березовка ауылы қарайтын Рощин ауылдық округінің әкімі Өмір Нұғымановпен байланысып көрдік.

Өмір Нұғыманов – Рощин ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

-Жерді жыртқан адамдарға мал бағатын орынның жоқтығын айтып, хат жаздық. Және тиісті құжаттарды жібердік. Қазір жауаптарын күтудеміз. Тұяқтыларды суаратын жердің жоқтығы да өзекті болып тұр. Жер жыртылғандықтан малдар Есіл өзеніне өте алмайды. Бұны да шешуге тырысып жатырмыз.

Жауаппен қанағаттанбай, Қызылжар аудандық жер қатынастары бөлiмiне де хабарластық. Мұндағы мамандар мәселеден хабардар екен. Олар “шешіп жатырмыз” деп қысқа қайырды. Мәселенің қаншалықты шешілетінін уақыт көрсетеді.

Алтынай Казиканова