ТКШБилік

Биыл Мамлютка қаласында 6 шақырым жол жөнделеді

 

Мамлютка қаласындағы жолдардың жалпы ұзындығы 65 шақырымды құрайды. Оның 35 киллометріне асфальт, тас төселген. Қалғаны – қарапайым қара жол. Біразы көп жылдан бері күрделі жөндеуді қажет етеді. Қуанышымызға орай, былтырдан бері біртіндеп қалыпқа келтіріліп жатыр. Мәселен, бүгінге дейін Жұмысшы кентіндегі 3 көше жаңартылып, тұрғындар мен көліктердің жүріп-тұруы біршама жеңілдеген. Жұмсалған қаржы 240 млн теңгеден асып жығылады.

Серік Бәкеев – Мамлютка қаласының әкімі:

-Былтыр Мамлютка қаласының сыртындағы айналмалы жолды жөндеу үшін 565 млн теңге бөлінді. Соның 300 млн-ы жаратылды. Енді 265 млн-ы қалды. Қазіргі уақытта жолдың 80 пайызы жөнделді. Қалған жұмыстар – жарықтандыру мен жол белгілерін орнату.

Мамлюткадағы жолдарды жөндеумен «Ашық аспан» серіктестігі айналысып жатыр. Мамандар мамырдан бері Жұмысшы кентіндегі өзге 2 көшені қалыпқа келтіріпті. 3 көшенің жабындысы жаңартылып жатыр. «Бұл мақсатқа 35 млн теңге бағытталды, қалған негізгі сома алдағы уақытта бөлінеді»,- дейді Мамлютка қаласының әкімі Серік Бәкеев.

Серік Бәкеев – Мамлютка қаласының әкімі:

-Мынау жол 30 жыл ішінде мүлдем жөнделмеген. Аз-маз тесіктер бекітілген, одан кейін ешқандай жұмыстар атқарылмаған. 50 жыл бойы жолдар жөнделмеді.

Жалпы, биыл Мамлютка қаласында 6 шақырым жол жөнделмек. Шаруаны мамандар қазан айының соңына дейін тәмамдауды жоспарлап отыр.

Алтынай Казиканова